Әлем

Әзірбайжан-Армения: Шекарадағы қақтығыстан 5 адам қаза тапты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әзербайжан мен Армения шекарасында тағы да қарулы қақтығыс болып, 5 адам зардап шекті. Тараптар бір-бірін атысты тоқтату тәртібін бұзды және шекарадағы жағдайды әдейі ушықтырды деп айыптап отыр.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, 10 мамыр күні кешке Армения қарулы күштерінің бөлімшесі Басаргечар ауданы Зод ауылы жағынан Әзербайжан әскеріне түрлі қарудан оқ жаудырған.

«Қарсы тараптың көздеп оқ атуы салдарынан Әзербайжан армиясында мерзімінен тыс қызмет етіп жүрген әскери қызметкер Махмудлу Муслим Видади оглу басынан ауыр жарақат алды», - делінген мәлімдемеде.

Жараланған әскери қызметкер шұғыл әскери-медицина мекемесіне жеткізілгені хабарланды. Кельбаджар әскери прокуратурасы Әзербайжан ӘК әскери қызметкерінің жаралануына байланысты қылмыстық іс қозғады.

Әзербайжан тарапының айтуынша, Армения ӘК Әзербайжанға ірі калибрлі қару мен минометтен оқ атады.

Ал Армения Қорғаныс министрлігі «11 мамыр, 06:00-ден бастап Әзербайжан ӘК бөлімшесі Сотк (Зод) бағытында орналасқан армян бекіністеріне зеңбіректен және минометтен оқ атылды» деп сендіріп отыр.

07:00-дегі дерек бойынша, Армения жақтан төрт адам жараланды. Армения Қорғаныс министрлігінің 07.50-дегі ақпараты бойынша шекарадағы атыс жалғасып жатыр.

Әзербайжан ӘК «Bayraktar» ұшу аппараттарын пайдаланғаны айтылып жатыр.

Қорғаныс мекемесі армян жақтан 10:25-тегі ақпарат бойынша 4 адам жарақат алғанын хабарлады.

«Жараланған 2 әскери қызметкердің жағдайы қанағаттанарлық болса, екеуінікі – орташа ауыр. Қазіргі уақытта жараланған қызметкерлердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген хабарламада.

Қазір Армения Қорғаныс министрлігі армян-әзербайжан шекарасындағы шиеленіс азайғанын мәлімдеді. Ал Әзербайжан тарапының айтуынша, Армения қарулы күштері шекараға қосымша күш, жеке құрам мен техниканы әкеліп жатыр.

Бұған дейін 11 сәуірде екі елдің түйіскен жерінде қатаң ұрыс болып, екі жақтан 7 әскери қызметкер мерт болды. Тараптар бір-бірін арандатты деп айыптады.