Bugin

Анасы жаңа туған нәрестені жерге құлатып, артынша ұрып өлтірген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Павлодардағы қылмыстық істер жөніндегі №2 соты нәрестені ұрып өлтірген әйелге қатысты үкім шығарды.

 

Оқиға 2022 жылдың 28 қазанында болған. 23 жастағы әйел жаңа туған нәрестесінің жылағанына ашуланып, алдымен жерге құлатқан. Кейін басынан жұдырықпен екі рет ұрған. Нәресте есінен танған соң оны төсекке жатқызып қойыпты. Алайда кешке шақалақтың жағдайы нашарлап, облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен.

Дәрігерлер нәрестеде жабық бас сүйек-ми жарақатын анықтаған. Өкінішке орай нәресте ауруханада көз жұмды. 
Сотта прокурор айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жәбірленуші тарап та айыптаушымен келіскен. Ал күдіктінің өзі денсаулыққа ауыр зиян келтіргенін мойындамай, өзін соттамауды сұраған. 

"Абайсызда кісі өліміне алып келген денсаулыққа ауыр зиян келтіру" бабы бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот айыпталушының кінәсі тергеу материалдары, сараптама қорытындысы мен куәгерлер жауабы арқылы дәлелденгенін ескерген. Сондай-ақ әйелдің жас екенін де ескеріп, оған 8 жыл тағайындады.