Bugin
Медеудегі өртті сөндіру кезінде қаза болған Арслан Құрманбеков жазда өтетін үйлену тойына дайындалып жүрген.
Жотада жанған қалың ағаш өртсөндіруші Арслан Құрманбековтің үстіне құлап, сол сәтте мерт қылған болатын. 30 жасқа таяған шағында өмірден өткен азаматтың артында анасы мен інісі қалды. Мұндай жазатайым жағдайдың алғаш рет болғанын айтқан төтеншеліктер марқұмға қатысты бар шығынды өздері көтеріп, өзге де көмек көрсететінін жеткізді.
"Жерлеуге үкіметтен 660 мың теңге бөлінеді. Заңға сәйкес, алты айдан кейін анасы мұрагерлік құқыққа ие болғаннан кейін 13 миллионнан астам төлемақы анасына тағы төленеді. Қала әкімдігіне хат жібердік. Арсланның мамасы жалғыз болған, жолдасы жоқ, інісі қалған, тұратын үйі болмағаннан кейін бір пәтер қарастырса екен деп ұсыныс хат жібердік", - дейді Алматы ТЖД, Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің бастығы Айдар Сқабаев.
Медеу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімі мамандарының шақыртуларға Арслансыз аттанып жүргеніне бүгін төртінші күн. Марқұм мұнда сегіз жылдан астам қызмет атқарыпты. Өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, үнемі тәжірибесімен бөлісіп жүретін дейді басшысы. Дәл сол күні төбесі көкке жетердей қуанған ол әріптестеріне жақсы жаңалығын да жеткізіп үлгерген екен.
"Арсланға ерекше күн болған. Өзі күліп, үлкен жігіт қой, былай қарасаңыз. Жас бала сияқты, езуі жарқырап жүрді, кәдімгідей. Жақсы жаңалығым - "төрт жыл жүрген қызым бар, үйлену тойын белгіледік, осы жазда, Құдай бұйыртса, үйленеміз" деді. "Мамама айттым, той жасаймыз. Сол тойға мейрамхана іздеу керек. Көп қонақ шақырамыз. Солардың ішінде бірінші сіздер боласыздар" деген еді", - дейді Медеу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Айдар Ермұханбетов.