Bugin

Ермұрат Бапи Мәсімов пен Назарбаевтың туыстары туралы шындықтың бетін ашты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алғашқыда қалың көпшілікке оппозициялық журналист ретінде танылып, кейін мәжіліс депутаты атанған Ермұрат Бапи көпшілік біле бермейтін біраз шындықты айтты.

Атышулы депутат бұл жолы “Қаңтар қырғыны” кезінде мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны жайлы айып тағылып, таяуда ғана 18 жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты пікір білдірді. 

"Кәрім Мәсімовтің сотымен бір қаңтардың мәселесі жабылып қалды деп ойламаймын. Негізінде ресми ақпарат бойынша Кәрімов Мәсімов осыны ұйымдастырушы, мемлекеттік төңкеріс жасаушы деген сияқты пікірлер болды ғой. Әрине, оны қаңтар оқиғасына қатысы жоқ деп айтуға болмайды. Ол – негізгі фигуранттардың бірі. Бірақ қаңтар оқиғасында ең басты тұлға деп айтуға келмейді, ары кетсе негізгі орындаушылардың бірі. Ал қаңтар оқиғасына қатысты басты фигуранттар қалтарыста қалды. Кәрім Мәсімов менің "екі туып, бір қалғаным" емес. Мен оны қорғайын деп тұрған жоқпын. Бірақ Кәрім Мәсімовпен мына қаңтардың қанды трагедиясын жауып тастайтын болсақ, ертең әділетті болмайды. Қырылған қанша халық бар, оның қаны бар, көзі жасы бар. Мен ойлаймын, біз болашақта мұның анық-қанығын үлкен комиссия құру арқылы жүзеге асыру керек. Сол кезде ғана бәлкім біз қаңтардың жарасын емдегендей болатын шығармыз", – дейді Ермұрат Бапи.


Мәжілісмен бұл сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – Самат Әбіштің “Қаңтар қырғынына” қатысты істе не себепті жазасыз қалғанын айтып, өз пайымын жасады.  

"Самат Әбіш – сол кезде ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары болды. Барлық шұғыл істер сол бірінші орынбасар арқылы жүзеге асады. Ақиқатына келгенде, Самат Әбіштің сол кездегі құзыреті Кәрім Мәсімовтен кем емес еді. Тіпті "Назарбаевтың бауыры" деген атақтың өзі бір құзырет, "Назарбаевтың інісі" дегеннің өзі бір лауазым. Сондықтан Самат Әбіштің қаңтар оқиғасына қатысты жазасын айтпақ түгілі аты аталмай қалғаны, тіпті тергеуге ілінбей қалғанының өзі қоғамда үлкен сұрақ тудырады. Қалай сонда, ҰҚК Төрағасы ұйымдастырады да, қасындағы бірінші орынбасары қалай бұдан мақұрым болады? Ол мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде Кәрім Мәсімов арқылы Самат Әбішті құтқарып қалу жөнінде әрекеттер жасалды деп ойлаймын", – дейді депутат.

 
Сондай-ақ Ермұрат Бапи бүгінде қамауда отырған Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаев туралы да тың деректермен бөлісті. 

"Қарапайым мысал. Ұсақ-түйек фигуранттарды жеңіл-желпі баптармен соттады. Мысалы, Қайрат Сатыбалдының азын-аулақ дүниесі, алтыны, жері қайтты. Ал оның арғы жағында орасан зор активтері бар ғой. Оның бәрі жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Сол сияқты Қайрат Боранбаевты алды да құрбан қылды. Ал Қайрат Боранбаевтың Еуропадағы байлықтарының бәрі айтылған жоқ. Халықты алдау, алдампаздық дүние әлі де біздің қоғамда бар", – дейді мәжіліс депутаты.