Bugin
Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 3 және 4 жастағы сәбилерін "үй ішін шашқаны" үшін оқтаумен ұрған 26 жастағы Дина Бабашованы 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Іс сотқа ақпан айында түскен. Сот ұсынған мәліметке сәйкес, іс жабық түрде қаралған. 26 жастағы әйел екі қызымен Төле би ауданы Леңгір қаласында тұрған. Үйдегі заттарды шашып ойнаған екі қызын асханадағы оқтаумен тоқтаусыз ұрып, орташа және ауыр дәрежеде жарақаттаған. Екі қыздың да соққыдан миы шайқалған. Бірінің башпайлары, екіншісінің иығы мен оң қолының саусақтары сынған. Сараптама "сол жақ иық сүйегінің ашық ығысып сынғаны адам өміріне қауіпті" деп бағалаған.
Дина Бабашова тағылған айыпты толық мойындаған және істеген ісіне өкінетіндіктен, бас бостандығынан айырмау жазасын тағайындауды сұраған.
Сот Бабашованы Қылмыстық кодекстің "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап) және "денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабымен (107-бап) кінәлі деп танып, 6 жыл түрме жазасын кескен. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Сотталушы Леңгір қаласында еден жуушы болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта екі қызы Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының қамқорлығына берілген.