Өнім
Адамзат үшін тәтті бір сезімнің бірі – махаббат. Екі адам арасындағы нәзік ұшқын қарым-қатынасқа ұласады. Ал кейбірі өзін жалғыздықта сезінбес үшін жанына серік іздейді екен. Сіздікі шын махаббат па, әлде жалғыз қалудан қорқасыз ба? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен мына үш сауалға жауап беріңіз.
Ол адамның жанында өз-өзіңмен бола алмайсың ба?
Адамдардың көпшілігі жүрегінің жартысын тапқан соң, өзін ұмытып кетеді. Үнемі сүйіктісін ғана ойлап, көңілі тыныш таппайды. Әрине, жақсы көретін адамын ойлау – дұрыс. Алайда бұл нәзік сезім уайымға немесе агрессияға ұласып кетпеу керек.
Сау қарым-қатынаста екі жан да өздерін құрмет тұтады. Өзінің қызығушылығын ұмытпайды әрі жолдасын да қолдайды. Бір-біріне ештеңені міндеттемейді, жеке шекараларынан аспайды.
Өзара түсіністік бар жерде ғана сыйластық та, махаббат та берік болатынын ұмытпаңыз.
Бақытты болу үшін сүйіктіңіз тек жаныңызда болуы керек пе?
Адам махаббатынан айырылып қаламын деп үнемі қорқуы дұрыс емес. Өзін тек серігімен ғана бақыттымын деп ойлау – қате пікір. Сол үшін іштегі мазалаған артық ойдан құтылған жөн.
Мұндайда сіз қарым-қатынасты ұстап қалуға ғана барыңызды саласыз. Шынайы сүйіп, сезіміңізді жеткізу екінші орынға түсіп қалады. Өмірдегі қуану, шаттану секілді жағымды эмоцияға толы сезімді тек ол барда ғана сезінетіндей күй кешесіз. Соның кесірінен ол жоқ кезде жабырқап, көңіл күйіңіз түсіп жүреді.
Қызғанышыңыз тез ояна ма?
Романтикалық қарым-қатынаста қызғанғанды ерекше сезім деп ойлайтындар көп. Алайда көбінесе қызғаншақтар шектен шығып, оның соңы дөрекі іс-әрекеттерге айналады. Мұндайдан соң бір-біріне қол жеткізген сүйіктілер айырылысып тынады немесе біреуі жапа шегеді.
Жалпы қызғаныш адамның өзін басқамен салыстыруынан немесе өзгелерден төмен санауынан пайда болады. Яғни, қыз не жігіт ғашығы өзін тастап кетуі мүмкін деп қорқып, кім көрінгеннен қызғанады. Өзінен өзі мазасызданып, содан кейін бір-біріне кесірі тиеді.
Байқасаңыз, жоғарыда аталған үш сұрақ та сіздің махаббатыңыз шынайы ма, әлде жалғыз қалмас үшін қарым-қатынас құрдыңыз ба, соны анықтауға көмектеседі. Егер үш сауалға да жауабыңыз «жоқ» болса, қуаныштымыз.
Махаббат – бір-бірін шын сүйген, өзін де, ғашығын да сыйлайтын екі адамның риясыз сезімі. Ендеше сізге де жаныңызға тыныштық сыйлайтын әдемі махаббат хикаясын тілейміз.