Әлем
17 мамыр таңертең күш құрылымдарының арнайы операциясы жүргізілген Бішкек іргесіндегі ауылдағы қоршау алынды.
Қарулы қылмыскер Дмитриевка ауылындағы жеке үйлердің бірінде арнайы жасақ қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Арнайы операция барысында, алдын ала мәлімет бойынша, екі тәртіп сақшысы зардап шеккен. Ішкі істер министрлігі тұтқындау кезінде қарулы қарсылық көрсеткен лаңкестің жойылғанын хабарлады. Үй иелерінің айтуынша, ер адам бірнеше күн бұрын әйелі және балаларымен пәтер жалдау үшін Оштан келген.
"Бұл менің әпкемнің үйі. Ол Ресейде тұрады. Үнемі жалдаушыларға жалға береді. Үш-төрт күн бұрын әйелі мен баласы бар ер адам осы үйге көшіп келді. Қарапайым адамдар секілді көрінді. Маңдайында "террорист" екені жазылып тұрмаған соң қайдан білейік оның кім екен. Бұлай болады деп кім ойлады дейсіз. Ақшасын алдын-ала төлеген соң үйге кіргіздік. Ал қазір бүкіл үй өртеніп кетті. Полиция оны басып алуға келгенде әйелі мен баласын алып шығып гранаталарды лақтыра бастады, бүкіл үй опырылып құлады", - деді Марина Мұсаева.
Арнайы операция болған жерде құқық қорғау органдары жұмысты жалғастыруда.