Bugin

Әскерде борышын өтеп келген сарбаз жансақтау бөліміне түсті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2022 жылдың мамырында 17 жастағы жас жігіт ештеңеден сезіктенбей, Ақтау теңіз жаяу әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Қатардағы 164 сарбаздың ішінен ефрейтор шенін алған сарбаз әскери антын қабылдайды.  Алайда туыстары "бейбіт заманда оны қорғайтын адам табылмады" деп отыр. Бозбаланың ағасы атын да, түрін де көрсетпеуді сұраған.

– Бір операциядан кейін жақсы бола ма десек, одан ары қиындады. Бірінші күні 5 сағат, екінші күні 3 сағат ота жасады. Енді үшінші ота жасалады. Одан кейін жағына ота жасайды, – деді зардап шегушінің ағасы.

Ағасының айтуынша, дау ұялы телефоннан басталған. Төрт сарбаздың байланыс құралын ұстап отырғанын взвод командирі байқап қалады.

– Командир телефонды алып алған. Қайтадан сұраған, көңілін қимай, телефонды берген. Олар ұялы телефонды өз иелеріне беріп, командирге қайтармаған, әңгіме осыдан басталып тұр,  деді зардап шегушінің ағасы.

Осыдан кейін ол сарбаздарды соққыға жығып, жазалауға тырысқан. Бірнеше мәрте ұрғаннан кейін бозбаланың намысы жібермей, ол да взвод командиріне қол жұмсаған көрінеді. Бірақ болған жайттан жас сарбаз қатты зардап шеккен.

– Денесі көгеріп қалмасын деп, білдіртпей ұрған. Құлап бара жатқанда, тағы бір рет ұрған. "Одан кейін есімді білмеймін" дейді. Қарасақ, аяғы, тізесі көгерген, әбден тепкілеген сияқты, – деді зардап шегушінің ағасы.

Бауыр еті баласы үшін шырылдаған ана да әділдік сұрайды. Тұңғышы осындай жағдайға тап болғаннан кейін, әскери борышын өтеуге өзге ұлдарын енді жібермейтінін айтты.

– Баланың температурасы көтеріліп, дірілдеп-қалтырап, ірің кетіп қалған. Жан-жағына қарай алмайды, бәрі ісіп кеткен. Бәріміз қуанып, күтіп отырғанбыз. Есіктен кірді де, бір жарты сағаттай достарымен әңгімелесті. Барды да, сол жатқаннан жатып қалды, – деді зардап шегушінің анасы Венера Шаярова.

Жәбірленуші қазір Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатыр. Бірнеше отаны еңсерген ефрейтордың жағы сынып, әлі де жағдайы жақсара қоймаған.

– Науқас біздің ауруханаға түскенде жағдайы ауыр болды. Бірден жәрдем көрсеттік. Сол күні шұғыл ота жасалды. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, қазір дәрігерлердің бақылауында бет-жақ хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр, – деді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлнұр Кенжебекова.

Ал "әскерде таяқ жеді" деген анасы баласының аман қалуын тілейді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Қорғаныс министрлігіне сұраныс хат жолданды.