ДАМУ
Жазғы еңбек демалысын әркім түрліше жоспарлайды. Бірі ауылға тартса, енді бірі ем-дом алады. Ал кейбірі шетел асып, саяхаттағанды жаны сүйеді. Bugin.kz тілшісі демалыс уақытыңызды шетелде өткізу үшін бірнеше пайдалы кеңес ұсынады.
Қай елге барғыңыз келеді?
Еңбек демалысына шықпас бұрын, ең алдымен, қай елге баратыныңызды анықтап алыңыз. Теңіз суына түсіп, жағажайда жаныңыз тыныш тапқанын қалайсыз ба? Әлде қонақүйдің хауызы да жарай бере ме? Тіпті сізге әр қаланы жалықпай аралап, көрікті жерлерін көзбен көрген ұнайтын болар? Осы сұрақтардың жауабын тапқанда, қай елге барғыңыз келетінін де түсіне бастайсыз.
Билет пен қонақүй
Қайда баратыныңызды білген соң, оған жету, орналасу жағын реттеу керек. Ол үшін саяхат турларын қарастырсаңыз да болады. Екінші жағдайда билетті сатып алу, қонақүй брондау сынды жұмыстарды, жалпы жүріп-тұру міндеттерін өз мойныңызға аласыз. Осы ретте Түркияның Стамбул қаласына өзіңіз билет алып бару жағына мысал келтірейік: 26 маусым мен 3 шілде аралығында Түркияға бару-қайту билет құны – 150 000 теңгеге жуық. Booking қолданбасы арқылы 1 аптаға қонақүй бағасы 142 000 теңгеден басталып, 565 000 теңгеге дейін көрсетіп тұр. Ал осы уақытқа хостелдердің құны 30 000 теңгеден басталады екен. Мысал осы. Енді қалтаңыздың шамасына қарай билет сатып алып және жатын орынды алдын ала брондап қойғаныңыз абзал.
Жоспар
Сіз қай елге барсаңыз да, алдын ала жоспар болмаса, қиын болатынын ескертеміз. Еуропа елдері сияқты ауқымды саяхатты жоспарласаңыз да, жақын шетелге барсаңыз да, міндетті түрде маршрут сызып алыңыз. Сол елден бала кезіңізден көргіңіз келетін тарихи орын бар шығар, бәлкім? Егер жоспарламай барсаңыз, уақыт таппай, қалаған дүниені көрмей кетуіңіз де ғажап емес.
Саяхатшыдан кеңес
Магистрант Жансая Ғалымжанқызы шетелдерге саяхаттағанды жаны сүйеді. Былтыр демалысын Еуропа елдерін аралауға арнаса, биыл саяхат маусымын Өзбекстаннан бастады. Гүлшат, Дана есімді құрбыларымен бірге 2 күнге көрші елге барып келген бойжеткен тамаша эмоцияны сезінгенін жеткізді.
«Мен Өзбекстанға бару үшін 50 000 теңгеге тур қызметін сатып алдым. Жол ақысы, қонақүй секілді барлық қызметті жолнұсқаушы мойнына алды. Біз тек Алматыдан Шымкентке дейін жеңіл көлікпен жетіп, оған 9000 теңгені өз қалтамыздан төледік. Одан кейін Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өтіп, Ташкент қаласына жеттік. Сол күні Самарқандқа бірден аттанып, бір күн бойы саяхаттадық. Ол жақта «Шахи-Зинда» мавзолейін, «Сиаб» базарын, Самарқанд арбаты мен Регистан кешенін араладық. Сонымен қатар өзбек елінің танымал кәуабы мен самсасынан дәм таттық», - дейді ол.
Құрбылар келесі күні жүйрік «Шарк» пойызымен Ташкент қаласына жеткен.
«Қалаға келе салысымен Besh qozon мейрамханасынан түскі ас іштік. Сол жердің көпшілікке атақты палауынан дәм таттық. Астанадағы саяхатымыз күмбезді «Шорсу базарына» барумен басталды. Содан соң бабамыз Төле бидің кесенесіне бас сұғып, құран бағыштадық. Кейін қаладағы жаңа «Минор» мешітін сырттай тамашалап, Taşkent city демалыс саябағына бет алдық. Әрі қарай «Азиядағы Disneyland» аталып кеткен атақты Magic city-дің көрікті орындарын араладық. Кейін Turkа saray мейрамханасынан кешкі ас іштік. Демалысты көрші елде өткізіп, естен кетпес әсер алдым»,- дейді саяхатшы.
Жансаяның айтуынша, тур сатып алмай, Өзбекстанға өзіңіз барар болсаңыз, бұдан әлдеқайда арзан бағаға саяхаттауға болады.
Қай елге саяхаттасаңыз да, сол сәтте көрген әр игі дүниеден жақсы естелік қалары сөзсіз. Ендеше сізге тамаша эмоцияға толы демалыс тілейміз!