Bugin
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев елдің батысында саны миллионнан асып кеткен киіктер туралы айтты. Астанада өткен брифингте БҚО әкімі қазір ақбөкендердің саны шамамен 1,5 миллионға жеткенін айтты.
«Нақты санақ бірнеше күннен кейін аяқталады. Диқандарымыздың алаңдаушылығын түсінемін. Мен оңтүстіктегі төрт облысты түгел араладым. Тұрғындармен кездестім, олар киіктердің фермерлерге зиянын тигізетінін айтты. Олардың санын реттеуге құқымыз жоқ. Дүние жүзіндегі киіктердің 95 пайызы Қазақстанда. Бұл жойылып бара жатқан түр. Біз енді шаруалармен, тұрғындармен бір шешімге келуіміз керек. Сарапшылар күзде Ташкентте болады, халықаралық мәселелерді талқылайды. Тек күту керек» деді әкім.
Бұл мәселені шешуге көмектесу үшін Қазақстанға халықаралық сарапшылар шақырылған. Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары шенеуніктерден асығуды сұрайды.