Bugin

Зейнеп Ахметова: "Күйеуі өлген әйел ғана қара жамылған"

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кейінгі кездері қоғамда қазақ қыздарының киім кию үлгісі туралы мәселе жиі талқыланып жүр. Бұған себеп болған қаракөздеріміздің хиджап кию десек артық айтпаймыз. Пікірталасқа келгенде, бәрінің ойы бір жерден шығуы мүмкін емес.

Әлеуметтік желіде әркім ойын ашық айтуға құқылы. Алайда «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бекерге айтылмаған. Осыған байланысты Bugin.kz журналисі белгілі тұлғалардың пікірін білді.

Алдымен «Ежелде қазақ қыздары қандай киім киді және қазір қыздардың орамал тағуы қайдан келді?» деген сауалды дәстүрді насихаттаушы, жазушы Зейнеп Ахметоваға жолдадық.

«Бұрын қазақ қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Құндыз бөрік, кәмшат бөрік, үкілі тақия, шашақты қасаба, жырға, моншақты қолға секілді бірінен бірі өткен бас киімдерді киген. Енді сол бас киімдерге лайықтап шашын өрген. «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген сөз бар ғой, сол сияқты: «қолаң шаш», «алтын шаш», «қара шаш» сынды тіркестер шашқа қарата айтылған теңеулер емес пе?! Ал шашқа тағатын әшекейлер де жетерлік. Мұның барлығы қыздың қыз кезіндегі көркіне көрік қосқан заттар.

Некесін қиғаннан кейін бірнеше күн сәукеле киеді. Сәукеленің артында таза матадан жасалған «желек» деген жабуы болады. Беташарда бетін жауып тұратыны сол. Содан кейін келіншек бір жыл бойы желекті салып жүреді. «Желегі түспеген жас келін» дейтін сөз содан қалған. Бір жылдан кейін, енесі нағыз келін болды деп, төңіректегі әйелдерді шақырып, кимешек кигізеді. Қазақ әйелдерінің кимешегіндей әдемі киім жоқ шығар. Ол тіпті ұсқыны келіспеген әйелдердің өзін әдемі етіп көрсетеді. Ойлап қараңыз, бір ғана қыздың басына тағатын әшекейдің түрлі атауы бар. Сондай сұлулықтың бәрін қара орамалдың астына көму керек пе?

Ал қара орамалды күйеуі өлген әйелдер салған. «Абай жолы» романында да  бұл туралы жазылған ғой.  Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Ол жақ құмды жер, өте ыстық, боран. Соған байланысты киім киістері де өзгеше. Еркегі де, әйелі де киініп, кейін ол дәстүрге айналған. Ал енді ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрдің орнына алыстағы өзге ұлттың дүниесін қазаққа жапсырудың не қажеті бар? Осы уақытқа дейін болмаған нәрсені аяқ асты әкелу әсіре діншілдердің әрекеті.

Қазақ - атамзаманнан Құдайға сенген халық. Біздің ырым, тыйымдарымызды ешқайсысы шариғатқа қарсы келмейді. Бәрі тектілікке, әдептілікке, ұятқа құрылған. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген бір ауыз сөздің өзі осыған дәлел. Дін көп, Құдай біреу. Егемендік алып, шекарамыз ашылғаннан кейін түрлі ағым өкілдері елімізге келді. Бір исламның өзінде қаншама ағым бар. Олардың не себепті келгені де күмән тудырады. Менің «батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады» деп айтатыным да содан», - деді Зейнеп Ахметова.

Киім киюге келгенде «модадан» арулар қалыс қалған емес. Ал белгілі дизайнер Аида Кауменова көбінесе ұзындау, қолдары жабық көйлектер тігетінін айтты.

«Біздің мұндай топтамаларды жасап жатқанымызға 20 жыл болды. Ешқашан қысқа, ашық киімдерді жасаған емеспіз. Тек сахнаға арналған киімдер болмаса, біздің аудитория көбіне қолдары жабық, қатты ашық емес көйлектерді тұтынады. Әрине, мен еліміздегі барлық әйелдер қауымының қандай киімге қызығушылығы артқанын нақты айтып бере алмаймын. Иә, мұсылман әйелдерге де әдемі бас киімдер жасаймыз. Дегенмен ол қазақи ою-өрнекпен көмкеріліп, ұлттық нақышта тігіледі», - деді Кауменова.

Ал «Жібек жолы» қауымдастығының өкілі, теолог Ашабай Медетов қоғамдағы хиджаб дауына қатысты пікір білдірді.

«Келіншектердің хиджаб тағу мәселесіне келетін болсақ, бір жағынан бұл да саясат. Медианың қолданып жатқаны. Хиджаб деп әдейі халық түсінбейтін тілмен қолданады. Қазағымыз бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ жаулық деп үнемі айтатын еді. Ақ жаулық деп айтқан бабаларымыз. Хиджаб дегеніміз де, ақ жаулық дегеніміз де орамал. Хиджаб - арабша сөз. ХІХ ғасырдың соңындағы қазақтардың суреттерін қараңыз, басы ашық болған бірде-бір апамызды көрмейсіз. Бәрі - өтірік, бұрмалау», - деді ол.

Қорыта айтқанда, зайырлы елде әр азамат өз таңдауын жасай алады. Бастысы заң аясында болуы керек.