ДАМУ

Шетелге саяхаттау: Ең арзан 3 ел қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда шетелге саяхаттауға түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Өзге елге апарып, қыдыртып, бәрін жоспарлап беретін туристік агенттіктер де көбейіп жатыр. Bugin.kz журналисі қазақстандықтар үшін барып-қайтуға ең қолайлы әрі арзан үш мемлекетті анықтады.

Бірінше ел – Өзбекстан. Көршілес өзбек еліне бару шамамен 40 мың теңгеден басталады. Қазақстанның қай қаласынан шыққаныңызға байланысты. Мәселен, Алматыдан шығатын туристер үшін Өзбекстанның екі-үш қаласына бару 80 мың теңгеден басталады. Оған: барып-келу, гидтің қызметі, қонақ үй, таңғы ас және көне орындарды аралау кіреді. Салыстырмалы түрде, ойға қонымды баға. Ал Шымкенттен шығатын болсаңыз әлдеқайда арзан болады. Олай болуының бірнеше факторы бар: біріншіден, шекаралас болған соң арасы жақын, екіншіден жергілікті қазақстандықтар мен өзбекстандықтар бірін-бірі жақсы біледі. Тіпті, Шымкенттен Ташкентке дейін қатынайтын таксилер адам басына 3 мың теңгеден алады.

Екінші – Дубай қаласы. Алматы қаласынан Дубайға 4 күнге бару шамамен 180 мың теңгеден басталады. Баға ішіне: барып-қайту әуе билеттері, трансфер (аэропорт-қонақ үй-аэропорт), 3-4 жұлдызды қонақ үй (таңғы асымен), медициналық сақтандыру, туристік кож кіреді.

БАӘ әлемді таңғалдырудан жалыққан емес. Зәулім ғимараттардың түр-түрін көруге болатын бұл ел туристер үшін ыңғайлы. Егер баруды жоспарласаңыз, қыс немесе күз мезгілі абзал. Жаз кезінде ауа райы аса ыстық болуы мүмкін.

Үшінші – Грузия. Бұл елді атағанда ең бірінші шарап пен көлік еске түседі. Грузияға шарап ішу үшін де баратын жиһанкездер аз емес. Біздің отандастар болса, бір оқпен екі қоянды атады. Қыдыру үшін барып, көлік сатып алатындар да бар.

Турагенттікте Грузияға бару құны қанша?

Алматы қаласынан Грузияға 5-6 күнге бару шамамен 250 мың теңгеден басталады. Баға ішіне: барып-қайту әуе билеттері, трансфер (аэропорт-қонақ үй-аэропорт), 4 жұлдызды қонақ үй (таңғы асымен), медициналық сақтандыру, туристік код кіреді. Қазақстандықтар үшін бұл жүйелі бағасы. Себебі, ел ішіндегі демалыс аймақтарының өзінде баға қымбат.

Есіңізде болсын, біз көрсеткен бағалар әрдайым өзгеріп отырады. Сол себепті нақты құнын айту мүмкін емес.