Денсаулық

Ескерту: Менингиттің маусымдық көтерілуінен сақ болыңыз

Ата-аналарға арналған маңызды жадынама

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға менингитпен сырқаттанудың маусымдық көтерілуінен өте сақ болуға кеңес береді, - деп хабарлайды Bugin.kz.

«Құрметті ата-аналар! Қазіргі уақытта менингитпен сырқаттанушылықтың маусымдық көтерілуі байқалады. Сіздерден балаларыңыздың денсаулық жағдайына барынша мұқият болуды сұраймыз», - делінген жадынамада.

Менингит — ми мен жұлын қабықтарының қабынуы. Менингит пайда болу себептері бойынша үш негізгі топқа бөлінеді. Бұл – менингококктық, іріңді және сероздық менингит.

Ауру ауыр түрде өтетін болғандықтан, науқас жөтелгенде, түшкірген кезде сыртқы ортаға қоздырғыш тарататын болғандықтан менингококк менингитімен ауыратын науқастар айналасындағылар үшін инфекциялық қауіп тудырады.

Вирустан пайда болатын сероздық менингиттер энтеровирустардан, сонымен қатар вирустың кейбір басқа да түрлерінен туындайды. Вирустық сероздық менингиттер менингококктық және іріңді менингиттерге қарағанда жеңіл өтуімен ерекшеленеді. Оларда асқыну сирек болады.

Инфекция көзі науқас адам және «дені сау» вирус таратушы. Вирус су, көкөніс, жеміс-жидек, тамақ өнімдері, лас қол арқылы беріледі. Адамдар көп жиналған орындарда ауа-тамшы арқылы берілуі мүмкін. Жұқтыру көбінесе су қоймаларында және жүзу бассейндерінде орын алады.

Іріңді менингит – ми қабығының іріңді қабынуы. Іріңді менингит организмдегі алғашқы септикалық ошақтың болуы себебінен дамуы мүмкін. Кез келген шоғырланудың инфекциялық ошағынан қоздырғыш таралуы мүмкін, бірақ көбінесе мұрын-құлақ ағзаларының ұзаққа созылған инфекциялары (жіті және созылмалы іріңді отит, синуситтерде – гайморит, фронтит) кезінде болады.

Іріңді менингит қоздырғыштарының енуіне  организмнің иммундық жүйесінің әлсіреуі әсер етеді, олар жиі болатын ЖРВИ-дің, гиповитаминоздың, күйзелістің, дене жүктемесінің, климаттың күрт өзгеруінің салдарынан туындауы мүмкін.

Іріңді менингитпен ауыратын науқастар айналасындағыларға қауіп төндірмейді. Себебі науқас аурудың осы кезеңінде сыртқы ортаға қоздырғыш бөлмейді.

Менингококк инфекциясы менингокок тудыратын жіті инфекциялық ауру және бактериялық менингитке жатады. Ауру ауа-тамшы арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде) беріледі.

Менингококктық менингит кенеттен басталады: күтпеген жерден қатты бас ауыру, құсу, 6-15 сағаттан кейін бөртпе пайда болады, температура 39-40°С-қа жетеді, адам қалтырайды. Тері бозарады. Жалпы әлсіздік, арқаның және аяқ-қолдың сырқырауы байқалады. Науқас адам шөлдейді, тәбеті төмендейді. Ауру тұмау, баспа, суық тию, тонзиллит және т.б. сияқты «зиянсыз» ауруларға ұқсас белгілерімен жеңіл түрде өтуі, сондықтан өте қауіпті болуы мүмкін екендігін аңғару қажет. Салқындау, ауыру, қатты шаршаудан организмнің қорғаныш күштерінің әлсіреуі сияқты қолайлы жағдай пайда болғанда менингококк бас миының қабығына тез енеді және қабынуды тудырады.

Инфекция көзі – науқас адамдар және «дені сау таратушылар», яғни қандай да бір клиникалық белгілер жоқ, бірақ менингококк таратушылары болып табылатын адамдар.

Менингит кезінде қандай әрекет жасау қажет?

Ауру қарапайым суық тию сияқты жасырын өтуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге уақтылы қаралу керек. Менингитке қатысты күдік туындаған кезде пациент жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл түрде емдеуге жатқызылады.

Менингиттің алдын алу үшін:

- адамдар көп жиналатын орынға, сауда, ойын-сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін іс-шараға баруды шектеу;

- салқындамай, ауа райына қарай киіну;

- қолды  жиі жуу керек. Ауруды жұқтырып алмас үшін қолды мұқият жуу өте маңызды. Балаларыңызды тазалыққа, әсіресе тамақ ішу алдында, қоғамдық орында болғаннан кейін, сонымен қатар жануарларды ұстағаннан кейін қолын жиі жууға үйретіңіз;

- өз денсаулығыңызды күтіңіз. Жақсы демалып, жүйелі түрде спортпен айналысып және дұрыс тамақтануды ұстана отырып, өздеріңіздің иммундық жүйелеріңізді сақтаңыздар;

– науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауымен профилактикалық мақсатта антибиотиктерді қабылдау бойынша дәрігердің тағайындауын орындауы керек.