Bugin

"Назарбаевты балағаттауға әркімнің-ақ бар хақысы": Жаңа заң жобасы не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты көпшілік алдында қорлағаны үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік алынып тастауы мүмкін. 

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қазір Мәжілістің қарауына жіберілген. 

"Депутаттар бастама жасаған заң жобасы шеңберінде Қылмыстық кодекстен 373 және 374-баптарды алып тастау жоспарланып отыр. Онда Тұңғыш Президентті көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру (сондай-ақ, оның суретін бүлдіру, оның заңды қызметіне кедергі жасау), Тұңғыш Президентке қолсұқпаушылық кепілдігін жою үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген", – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің қолданыстағы редакциясының 373-бабында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ар-намысы мен қадір-қасиетіне жария түрде қорлау және өзге де қол сұғу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бейнелерін қорлау, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының заңды қызметіне кедергі жасау" әрекеттері үшін екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ал бұл әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған болса, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.