Bugin
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарына төленетін жәрдемақы мөлшері өсетінін мәлім етті.
“2023 жылғы 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны Әлеуметтік кодекс шеңберінде арттырылған жаңа 1,23 АЕК (2023 жылы-4 244 теңге) мөлшерде алады”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 18,4 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
«2003-2022 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 588 теңге мен (3/4 АЕК) 345 000 теңге (100 АЕК) аралығында. 2023 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 768 мың теңге қарастырылған», – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманова.
Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдардың бірінші кезекте:
- бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
- оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
- телефондарды бірінші кезекте орнату;
-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
- протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
- оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.