Bugin
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзінің депутаттық сауалы ұрпақтың үлесін сақтауға қағылған дабыл екенін айтты.
«Өзіңіз білетіндей, еліміздегі көлдер мен өзендердегі су деңгейі соңғы жылдарда күрт төмендеп жатыр, ал осылардың себебін анықтап, алдын-алу әрекеттерін жасап жатқан жауапты органдарды өз басым әлі көрген емеспін. Сөзіме дәлел болатын көрсеткіштер Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінде толықтай бар. Ал енді, осы мәселе бойынша жергілікті халықтың алаңдап шыққан ащы дауысын естіп жатқан ешкім жоқ па?», - деді ол.
Ол Маралдыдағы алтын фабрикасына қарсы халықтың сөзін ешкім естімей отырғанын айтты.
«Тілге тиек ететін болсам, Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талаптарды өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығын неге естімейміз? Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейінің 2018 жылмен 2022 жылдар аралығындағы жоғарғы көрсеткіші Балтық жүйесі бойынша 558 см-ден 162-смге төмендеуіне не себеп? Бұған да жауап бере алатындарыңызға күмәнім бар. Өйткені, Аягөз ауданында эколог маманы да жоқ», - деді ол.
Осыған орай депутат Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды ұсынды.