МӘДЕНИЕТ

Алматы әкімдігінің жалау желбіретуге қанша миллион теңге бөлгені белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы әкімдігі жыл сайын мереке күндері қарсаңында қала көшелеріне ілінетін тулар мен жалауларға қыруар қаржы жұмсайды. Биыл да қала әкімдігі осы мақсатта екі сатып алу өткізген. Екі келісімшарттың жалпы бағасы 150 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қаржыға қанша ту мен жалау ілінуге тиіс, олардың ілініп тұру мерзімі қанша күн, тулар мен жалаулар қаланың қай көшелеріне ілінеді? Осы сұрақтарға Bugin.kz тілшісі жауап іздеп көрді. 

Биыл 28 ақпанда Алматы қаласы мәдениет басқармасы "Алматыгороформление" компаниясымен 75 млн теңгеге келісімшарт жасасты (сілтемесі: https://goszakup.gov.kz/ru/egzcontract/cpublic/show/17132058 ). Портал мәліметінше, мердігерге бұл қаржы 2023 жылы алты мереке (Наурыз, Отан қорғаушылар+Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Конституция күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні) қарсаңында қала көшелеріне мемлекеттік ту ілгені үшін төленеді. 

Тулар осы алты мереке  қарсаңында Шығыс айналма жолына, Әл-Фараби даңғылына және Бұқтырма көшесінде бірнеше күн қатарынан ілінуге тиіс. Келісімшарттың техсипаттамасына қарағанда, әкімдік мердігерге әр мереке сайын Шығыс айналма жолына 120, Әл-Фараби даңғылына 54, Бұқтырма көшесіне 82 ту ілуді тапсырып отыр. 

75 млн теңге қаржы бөлінген тулардың әр мерекеде нақты қанша күн ілінетінін төмендегі инфографикадан көре аласыз. 

Фото: Bugin.kz

Фото: Bugin.kz

Алматы әкімдігі мемлекеттік тудан бөлек, түрлі нақыштағы жалау ілдіруге де 70 млн теңгеден көп қаржы жұмсайды. Мысалы, биыл 20 сәуірде мәдениет басқармасы тағы сол "Алматыгороформление" компаниясымен келісімшарт жасасты (сілтемесі: https://goszakup.gov.kz/ru/egzcontract/cpublic/show/17576072 ). Бағасы - 72 млн, 240 мың теңге. 

Мердігер компания бұл қаржыға жалпы саны 1241 жалау дайындап, іліп беруге міндетті. Тендер техникалық сипаттамасына қарағанда жалаудың өлшемі – 1,5 x 4,5 м және  0,5 x 1 м. Оның материалы политекстен, металл жақтауы кронштейннен болуға тиіс. Ал қанша жалау қай жерде орналасатынын төмендегі графикадан біле аласыз:

Фото: Bugin.kz

Фото: Bugin.kz

Жоғырыда аталған екі тендер де "ашық конкурс" тәсілі арқылы өткен. Яғни, Алматы әкімдігі жеңімпазды анықтау үшін конкурс жариялап, ең төмен баға ұсынған компаниямен келісімге келген. Бір айта кететін жайт - екі конкурсқа да екі компания ғана қатысқан. Оның бірі жеңімпаз атанған "Алматыгороформление" ЖШС, ал екіншісі "Таулы шын" атты компания.

Енді өткенге оралсақ, мемлекеттік сатып алу порталында 2016 және 2018 жылдарға арналған жалау өнімдерін жасау және орналастыру конкурсы өткенін көруге болады. Екеуінде де КММ-мен келісімшарт жасасқан ЖШС – тағы да "Алматыгороформление". Алайда бұл жылдары аталмыш компанияға мемлекеттік тапсырыс конкурссыз, яғни, "бір көзден сатып алу" тәсілі арқылы "бұйырған".