Bugin
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі заңсыз "жабық" топтарды анықтады. Олар арқылы Алматы қаласында қалталы ер адамдар үшін интимдік және "эскорт-сүйемелдеу" қызметтерін көрсететін модельдік келбеті бар қыздардың қатысуымен "жеке"кештер ұйымдастырылған.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері көліктегі полиция департаментінің ҰҚҚКБ-мен бірлесіп, сол топтардың ұйымдастырушысы мен әкімшісі – 25 жастағы алматылық қызды ұстады. Ол ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан. Ол қыздарға "демеушілерді" табуға, әлемді көруге және өмірін жеңілдетуге уәде берген. Топқа кіру 300 АҚШ долларын құраған. Көрсетілген жеңгетайлық қызметі үшін күдікті клиенттен түскен ақшаның 40%-ын өзіне алып отырған. Ал қалғанын қызмет көрсеткен қыз алған.
"Кездесудің" құны бір сағат үшін 500 мың теңгеден бастап, әртүрлі бағамен өлшенген. Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, деректерді талдау нәтижесінде күдіктінің 2022 жылғы қаражат айналымы анықталды. Ол 209 млн теңгеден астам соманы құрады. Секс-бизнесті ұйымдастырушы өз қызметін жасыруға тырысқан. Өзін Instagram әлеуметтік желісінде 100 мыңнан астам оқырманы бар табысты модель әрі блогер ретінде көрсеткен. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген.
Тінту барысында күдіктіден қылмыстық "бизнес" туралы жазбалары бар күнделік, жаңа және сатып алынатын жылжымайтын мүлікке құжаттар, ақ түсті ұнтақ заттың қалдықтары бар қалта айнасы, есірткі заттарын тұтынуға арналған бұралған ақша, Lexus ES 250 және Toyota Camry 70 маркалы автомашиналар, сондай-ақ салмағы 1,72 грамм болатын "мефедрон" табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар жезөкшелікпен айналысу үшін осы "жабық" топтарда тұратын "элиталық эскортшылар" полиция бөліміне жеткізілді. Прокуратура келісімі бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабымен "Жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық» және 297-бабымен "Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау" сотқа дейінгі іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда.