Bugin
Қазақстандық көркем туынды Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Гран-Приден бөлек отандық киногерлер "Орыс тіліндегі үздік сценарий", "Үздік жас режиссер" және "Көрермендер көзайымы" аталымдары бойынша жеңіп шықты.
Фестивальдің бас жүлдесін Марина Қонарованың "Ұлы дала зары" фильмі жеңіп алды. Көркем дүние ашаршылық кезінде қырылған қазақ халқының шынайы тарихи оқиғалары туралы сыр шертеді. Гран-При үшін Ресей, Армения және Ұлыбританиядан ұсынылған фильмдер де таласты. Қазақстандық өнім сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
Сондай-ақ Жорабек Мұсабаевтың "Үй" фильміне жазған сценарийі "Орыс тіліндегі үздік сценарий" деп танылды. Ал Саид Әшірбаев "Үздік жас режиссер" аталымы бойынша марапатталды. Жеңімпаздар қатарында әріптесіміз, Хабар телеарнасының режиссері Ақбөбек Төлжанова да бар. Ол Әбіш Кекілбайұлы шығармасының желісі бойынша түсірілген "Ұйқыдағы арудың оянуы" атты деректі фильмі үшін "Көрермендер көзайымы" аталымын қанжығалады.