Bugin
Биыл қаңтар-наурыз аралығында 3,9 мың ерлі-зайыпты ажырасты.
Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша елімізде 24,5 мың жұп неке қиған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға аз.
Қалаларда тіркелген неке саны 28,1%-ға қысқарса, ауылдарда керісінше 55,6%-ға ұлғайып, 8,9 мыңға дейін өсті.
Үш айда 3,9 мың жұп ажырасты. Былтырмен салыстырғанда ажырасу 5,6%-ға азайған.
Бұл ретте қала халқының арасында некесін бұзғандар аз. Дегенмен ажырасу ауылдық елді мекендерде 36,8%-ға күрт артты.
Өңірлер бойынша ең көп неке Түркістан облысында тіркелді. Биылғы 3 айда бұл аймақта 2,8 мың жұп отау құрды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы мен (2,5 мың неке тіркелді) Алматы облысында да (2,2 мың неке тіркелді) шаңырақ көтергендер қатары көп.
Жалпы ел бойынша ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген. Мұнда 264 жұп отбасылы болды.
Ал, ажырасу деректері бойынша Алматы (494 жұп ажырасты) қаласы көш бастап тұр.
Кейінгі орында - Астана (351 жұп ажырасты) және Қарағанды облысы (341 жұп ажырасты).
Бұл ретте некесін бұзғандар Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарында аз.
Ақпарат және қоғамдық даму комитеті жүргізген сауалнама қортындысына сай, қазақстандықтардың көбі ажырасуды құптамайды.
Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 39,8%-ы ажырасуға жол бермеу керек деп есептейді.
Ал 41,3% ажырасу дұрыс емес, дегенмен үнемі жанжалға қарағанда некені бұзу тиімді деген көзқараста.
Ал халықтың 12,8% ажырасу өмірге оң әсер етеді деп санайды.
Сауалнамаға қатысушылар ажырасудың себебі ретінде ерлі-зайыптылардың біреуінің ішімдікке салынуы немесе нашақор болуы (61,7%), отбасындағы зорлық-зомбылық (51,1%), құмар ойындар (47%), көзге шөп салуды атады (38,4%).