Bugin
Алмалы аудандық соты Алматы қалалық ІІД уақытша ұстау изоляторының 7 қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Оларға күш қолдану арқылы билігін асыра пайдаланды, сондай-ақ адам өліміне алып келген әрекетсіздік жасады деген айып тағылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сотта белгілі болғандай, 2022 жылғы 9 қаңтарда жәбірленуші А. жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен Алматы қаласы ІІД уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. 12 қаңтарда ер адам тергеушіні шақыруды талап етіп, камераның есігін қағып, тепкілеген. Осыдан кейін сотталушылар ұсталған адамды ұрып-соғып, ҰҚК қызметкерлерінің бірі не болып жатқанын бақылап, әрекетсіздік танытқан.
Соққыдан кейін сотталушылар жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем қызметкерлері келіп, жәбірленушінің қайтыс болғанын анықтады.
Сотталушының алтауы 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Жетіншісі әрекетсіздігі үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылған.
Сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 20 миллион теңге моральдық шығын өндірілді.