Bugin

14 мыңнан аса қазақстандықтың 14 млрд теңге алимент қарызы бар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2022 жылы алимент төлемеген 4 065 адам әкімшілік, 126 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл жайлы Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Айдос Иманбаев айтты.

"Сот орындаушылардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 94% іс бойынша өндіріп алушыларға ай сайын алимент төленіп келеді. Оның ішінде 63%-ы айлығынан ұсталса, борышкерлердің 31%-ы өз еркімен төлейді. Сонымен қатар, 14 млрд теңге қарыз сомасындағы 15 мыңға жуық іс проблемалық саналады. Ондай борышкерлердің заңды өндіріп алуға жататын табыстары мен мүлкі жоқ. Бір адамның орташа қарызы 800 мың теңге", - деді Айдос Иманбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, алимент төлей алмайтын адамдар жұмысқа орналастырылады. Одан жалтарған жағдайда жауапқа тартылады.

"Мәселен, былтыр 4 065 алимент бойынша борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 303 іске көп. Алимент төлемегені үшін 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тұрақты бос орындар жәрмеңкесінің арқасында сот орындаушылардың көмегімен жыл сайын кемінде 2 000 жұмыссыз борышкер жұмысқа орналасады", - деді палата төрағасы.

Сондай-ақ Айдос Иманбаев былтыр жеке сот орындаушылар кәсіпкерлердің пайдасына 185 млрд теңге өндіргенін атап өтті.

Қазіргі уақытта бала құқығын қорғау жөніндегі уәкiлеттi орган бастамасымен алимент мөлшерiн қайта қарау ұсынысы көтеріліп жатыр.