Саясат
Енді іске сәт!
Елбасының «Рухани жаңғыруы» ең алдымен, осы мемлекеттік тілді жүйелі жолға қоюына тікелей байланысты! Ұлт өз тілінде сөйлемесе, ұлттық тәуелсіздік деген болмайды!
Ағылшын суретшісі Джимми Нельсон таяуда жер бетінен із-түзсіз құрып кеткелі тұрған ұлт пен ұлыстардың суреттерін жариялады. Сонда чукша, ненецтермен қатар біздің қазақ та тұр! Алладан теріс айналса, ана тілін тәрк етіп, ұлттық әдебиетіне елінің ары мен ұяты, ожданы деп қарамаса, Алаштың да жер бетінен із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін?! Міне, мәселе қайда жатыр?!.
Мен осыншама жыл Қарағандыда тұрғалы бір келеңсіз дүниені байқап жүрмін. Мемлекеттік тілге өзеуреп қарсы шығып жатқан басқа жұрттың өкілдері көрінбейді,– қазақ тілін білмейтін қазақтар қарсы шығып жатыр оған! Ең әуелі соларға үйрету керек қазақшаны! Мемлекеттік қызметте отырған қазақ шенеуніктері үйрену керек қазақшаны! Тілдерді дамыту комитеті қағазбастылыққа салынбай, ең әуелі ауызекі қазақша сөйлеудің миханизмін меңгеруі керек! 26 жылдан бері қазақшаны адам түгілі, аю да үйренетін уақыт болды!
Қарағанды қаласы әкімінің мемлекеттік идеологиямен айналысатын орынбасары қазақ тілінің тұнығынан жүзіп ішетін, мемлекетшіл тұлға болуы керек!
Барлық ұлт пен ұлыс қазақтың маңайына шоғырланып, Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етуге тиіс! Қазақстан Халық Ассамблеясының бүгінгі таңдағы басты миссиясы–осы! Осы ғана!
Сең қозғалды! Түн кетпеймін десе де, таң атпауын қоймайды! Тәуелсіздік алғалы Қарағанды облысына қаншама әкім келіп кетті? Мемлекеттік тілге назар аударып, оның көкейкесті проблемаларын жалғанның жарығына шығарып отырған Ерлан Қошанов қана болды! Қарағанды қашанғы Ресейдің бір губерниясындай бола береді?!.
Енді іске сәт!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ