Bugin

Тоқаев өрттен қаза тапқандардың туыстарымен кездесті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстары мен жақындарынан болған оқиға үшін кешірім сұрады.

 

"Мен барлығы үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Мен мұның өте қиын екенін түсінемін. Асыраушыларыңыздан, отбасы иелерінен, ең жақын туыстарыңыздан айырылдыңыздар. Бірақ, өкінішке қарай, өмірде мұндай жағдайлар болады. Болған оқиғаның бәрін ақтау мүмкін емес. Тағы да қайталаймын, сіздерге моральдық және қаржылық көмек көрсетіледі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаза тапқандардың туыстары асыраушысынан айырылып, материалдық қиын жағдайға тап болғандарын жеткізді. Мемлекет басшысы зардап шеккендердің барлық отбасыларына жеке жәрдемақы тағайындалатынына уәде берді.

"Президент жанынан арнайы қор құрылады. Мен зардап шеккендерге жеке көмек көрсетемін", - деп сендірді ол.

Көпшілік қашан материалдық көмек көрсетілетінін нақты айтуын сұрады.

"Барлық жауаптылар осында. Барлық тізімдер жасалады, кімде қандай қарыз бар, сіздің барлық қажеттіліктеріңіз ескеріледі. Бүгін жексенбі, келесі аптада бәрі шешіледі. Барлығы қанағаттандырылады", - деді Тоқаев.

Тұрғындар өздерінің жақындарының тікелей өлімге жіберілгенімен келісе алмайды. Президентпен кездесуде алапат өрт салдарынан қаза тапқан Алексей Губаевтың жұбайы Татьяна Будюк Мемлекет басшысына қызмет барысында күйеуінің орманда жеке көлігімен неліктен болғаны туралы сұрақ қойды. 

"Түсінемін, сіз күйеуіңізден, асыраушыңыздан айырылдыңыз. Бала қалды. Сондықтан көмектесемін деп айттым. Жағдай шынымен де күрделі. Мен бәрін түсінемін. Мен басқа планетада тұрмаймын ғой. Мен сіздермен біргемін", – деді Тоқаев.

Ол министрлік пен басқа да құзырлы органдар апаттың ауқымы туралы дұрыс емес болжам жасағанын да мойындады.

"Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады", - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, "Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.