ДАМУ

Жазда тәтті тосап дайындаудың ең оңай 3 тәсілі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаз мезгілінде жеміс-жидектердің түр-түрі піседі. Балғын кезінде жеп үлгерген жөн, ал қалғанынан тосап жасап қойсаңыз болады. Сонда «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жазды сағынғанда өзіңіз әзірлеген тәттіден дәм татасыз. Осы ретті Bugin.kz тілшісі тосаптың ең оңай рецептерін ұсынады.

Таңқурай тосабы

Бұл рецепт арқылы тосап жасасаңыз, қиналмайтыныңыз сөзсіз. Өйткені таңқурайды қайнатпай-ақ тосабыңыз дайын болмақ.

Қажетті азық-түлік:

1 кг таңқурай;

1 кг қант.

Дайындау жолы:

Таңқурайға қант қосып, бұқтырып қойыңыз. Блендр не басқа құралмен ұсақтаңыз. Қант толық ерігенше 4-5 сағатқа қалдырыңыз. Бұл массаны қайта-қайта араластырыңыз.

Дайын болған соң, пластикалық контейнерлерге немесе полиэтилен пакеттерге салып, мұздатқышта сақтаңыз.

Джемді зарарсыздандырылған банкаларға салып, тоңазытқышта сақтауға да болады. Алайда ол үшін 1 кг емес, 1,5 кг қант қолдану керек.

Қарақат тосабы

Бұл жидектен жасалған тосапты көпшілігі дәмінен бөлек, хош иісіне де бола жақсы көреді. Ендеше қыста міндетті түрде осы тәттімен шай ішіңіз.

Қажетті азық-түлік:

500 г қара немесе қызыл қарақат;

500-800 г қант;

500 г таңқурай.

Дайындау жолы:

Қарақатты кастрюльге салып, ағаш қасықпен езіңіз. Содан кейін қант қосып араластырыңыз. Сөлі бөліну үшін 1-2 сағатқа қойыңыз.

Ыдысты баяу отқа қойып, тосапты қайнатыңыз. Оттың қызуын сәл көтеріп, 10 минут пісіріңіз. Содан кейін таңқурай қосып, араластырыңыз және тағы 5-10 минут пісіріңіз.

 

Егер тосаптың қою болғанын қаласаңыз, джемді ұзағырақ қайнату керек.

Құлпынай тосабы

Құлпынайдың балғын кездегі дәмін көпшілік ұнатады. Сондай-ақ одан жасалған тосап та ешкімді таңдандырмай қоймайды.

Қажетті азық-түлік:

500 г құлпынай;

3 банан;

100 мл су;

300 г қант.

Дайындау жолы:

Құлпынайларды төртке бөліп, банандарды дөңгелектеп кесіңіз. Кәстрөлге су құйып, қант қосыңыз. Араластыра отырып, баяу отта қайнатыңыз. Содан кейін қант ерігенше шамамен 5 минут пісіріңіз.

Тәтті сиропты оттан алып, оған банан мен құлпынай салыңыз. Баяу араластырыңыз, одан соң суытыңыз. Кейін джемді орташа отта тағы 5 минут қайнатып, қайтадан салқындатыңыз.

Осылайша бірнеше рет қайнатсаңыз болады. Неғұрлым көп пісірсеңіз, сироп соғұрлым қоюлана түседі.