Bugin
Бүгін - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні. Бұл күні мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар мен ойын-сауық бағдарламалары тоқтатылады. Еліміздің барлық дерлік аймағында азаға байланысты гүл шоқтары қойылып, бір минуттық еске алу шарасы өткізіледі. Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері аза тұту күні 12-рет жариялануда.
2006 жыл, 20 қыркүйек. Шахта апаты
Елімізде жалпыұлттық аза тұту күні ең бірінші рет Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада апат болғанда жарияланды. Бұрғылау жұмыстары кезінде газ бен көмір қосындысы атылды. Оқыс оқиға кезінде жер астында 3-ауысымның 137 қызметкері болған. Жарылыс салдарынан 41 кенші қайтыс болып, жеті жұмысшы жараланды.
2008 жыл, 14-16 қаңтар. Метан жарылысы
Абай шахтасында 400 метр тереңдікте метан жарылысы болды. Ресми органдар осы уақытта шахтада 191 адам болғанын жариялады. Қайғылы оқиға салдарынан 30 адам қаза тапты, 14 адам ауыр жараланды.
2010 жыл, 16 наурыз. Қызылағаштағы су басу
2010 жылы 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Қызылағаш ауылы шайылып, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалған қайғылы оқиға. Ресми дерекке сәйкес, қайғылы жағдайдан 45 адам көз жұмды, олардың ішінде сегіз бала болған.
2012 жыл, 5 маусым. Арқанкерген оқиғасы
Сол жылы 28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Тірі қалған қатардағы сарбаз- Владислав Челах қанды оқиғаға кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бүгінде ол «Қара бүркіт» ерекше режимдегі колониясында жазасын өтеп жатыр.
2012 жыл, 27 желтоқсан. Шымкенттегі ұшақ апаты
2012 жылы екінші аза тұту күні 27 желтоқсанда жарияланды. Сол жылы 25 желтоқсанда қала маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты. Олардың ішінде 7 экипаж мүшесі, 20 шекарашы болған.
2013 жыл, 31 қаңтар. Жолаушылар ұшағы апаты
Сол жылы 29 қаңтар күні Көкшетау - Алматы бағытындағы ішкі рейсті орындау кезінде Алматы әуежайы маңында SCAT авиакомпаниясының лайнері апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы қаза болды.
2016 жыл, 9 маусым. Ақтөбедегі терракт
2016 жылдың 5 маусымында радикал дін ағымындағы 50 - ге жуық ер адам Ақтөбеде терракт жасады. Лаңкестердің қолынан 8 бейбіт тұрғын, 3 әскери адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.
2019 жыл, 28 желтоқсан. Bek Air ұшағының апаты
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Астанаға бағыт алған Bek air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған апат апаттан 12 адам көз жұмғаны белгілі.
2020 жыл 13 шілде. Коронавирус пандемиясы
Бұл күн - коронавирус салдарынан қайтыс болғандарды еске алу мақсатында жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жарияланды. Астана уақыты бойынша 12:00-де коронавирустан көз жұмған азаматтарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды.
2021 жыл, 29 тамыз. Жамбылдағы жарылыс
2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрттің соңы жарылысқа ұласты. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қайғылы оқиға кезінде 16 адам қаза тапты.
2022 жыл, 10 қаңтар. Қаңтар оқиғасы
Қаңтар айының басында болған елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 200-ден аса адам қайтыс болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
2023 жыл, 12 маусым. Орман өрті
Абай облысындағы орман өртінен 14 адам қайтыс болды. Аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпыды.Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.