Bugin
Сырым Шәріпханов ТЖ орнындағы күштер мен құралдардың жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ТЖМ ресми сайтына сілтеме жасап.
"Температураның жоғарылауына және екпінді желге байланысты өрттің таралуының қаупі бар. Алайда бізде өртті оқшаулау үшін күштер мен құралдардың тобы жеткілікті", - деді министр.
Өрт басталғалы бері барлығы 1017 рет көлемі 3000 тоннадан астам су ағызылды.
Министр шығыс бағытта өрттің белсенділігі байқалғанын, дегенмен авиациялық техникамен және жерүсті топтармен жану ошақтарын жоюға нақты міндеттер қойылғанын атап өтті.
"Орман өртін сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі мен ІІМ-нен 1500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылды. Сондай-ақ өрт ошақтарына су төгу үшін су ағызу құрылғылары бар 12 тікұшақ және өрт аумағын аэровизуалды тексеруді жүзеге асыру үшін 2 тікұшақ тартылды. Өрт басталғалы бері барлығы 1017 рет көлемі 3000 тоннадан астам су ағызылды" делінген ТЖМ ақпаратында.
Қазіргі уақытта жедел штабтың деректері бойынша өрттің жалпы көлемі 60 000 га құрайды, оның 43 000 га жану ошақтары байқалады.
«60 мыңнан асқан еді, алайда жеке құрам жұмыс істеуде, өртті сөндіріп жатыр. Осылайша, жану аумағы да қысқарды. Болжам бойынша, бірнеше күн ішінде өртті ауыздықтап, сөндіруіміз керек», - деді министр.