Саясат

Явкадан шаршаған студенттер кімге шағымданады?

Білім беру жүйесіндегі тәртіп мәселесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кез келген білімді игеру үшін алдымен тәртіп керек екенін айтамыз. Алайда сол тәртіптің қандай болатынын ұмытып кеттік. Біз тек сондай қанатты сөздердің бар екенін мысалға келтіруден маманбыз, ал іске асыруға келген кезде өз сөзімізге өзіміз қарсы шығып жүрміз.

 

Еліміздегі кез келген жоғарғы оқу орнын алсаңыз бастарындағы басты қиындықтары сабақтан қалу және баға. Себебі қазір студент жастардың санасында бірдеңе үйрену, жаңашылдыққа ұмтылудан бұрын, 11 жыл оқыған еңбегін грантқа айырбастап берген ата-анасының алдында ұятқа қалмау. Яғни, грант пен шәкіртақыдан айрылып қалмау ғана. Кейде ақы төлеп оқып жатқан студенттерден бірдеңе шығатындай көрінеді. Себебі ақшаның қайдан келіп жатқанын сезінетін студент, барын салып оқып қана қоймай, нәтиже көрсеткісі келеді.

Сабақтан қалу және баға мәселесіне түрткі болатын бір мәселе – явка. Қазір балмұздақ атанып жүрген студенттен сұраңыз, «явкадан шаршадым» деп жауап береді. Құдайдың құтты күні жиын, жиналыс, концерт, кездесу.

Аудиторияда сабақ өтіп жатқан профессор, білікті маманға қарамайды, «деканаттан келген бұйрық» деп, көздері мөлдіреп отырған отыз шақты студентті қойша айдап, алдына салып шыға береді.

2-3 сағат оқу орнының басшылығынан сескеніп концерт не өздеріне түкке қатысы жоқ көз бояйтын жиында отырып шыққан студенттің мазасы кетеді. Себебі сабағы қалып қойды, баға ала алмады. Ал аудиторияда басшылыққа назын айта алмаған профессор, өшін студенттерінен алады. Бағасын қоймай, қинап қояды. Сонда студент кімге шағым жасау керек?

Шағым жасау былай тұрсын, явка туралы айтып, оның дұрыс емес екенін алға тартуға да мүмкіндігі жоқ. Не үшін? Қорқытады.

 

Қорқытудың бірнеше әдісі бар:

-         Жатақханадан шығасың немесе келесі жылы жатақханадан қағыласың дейді;

-         Өзі мүше болып жүрген ұйымның тізімінен өшіріледі;

-         Жоғары жақтан келген бұйрықты орындамағаны үшін, факультетіне қиындық тудыруы мүмкін. Ал мұны явка ұйымдастырып жүрген екінші, үшінші курс студенттері жақсылап тұрып жеткізіп береді;

3 сағатқа созылған жиында явка болып барған студенттер, кіммен кездесіп, не үшін отырғандарын білмейді. Шығып кетейін десе, кураторын шақыртады немесе декан орынбасарын сұрайды. Ал оларды шақырса, студенттің сыртқа бүгін шықпайтыны анық. Үйінде әке-шешесінен сөз естіп көрмеген студент жастар өз құқытарын қорғай алмай, отырған жерінде отырып, түкке пайдасы жоқ бос дүниені тамашалаумен болады. Жай ғана тамашалмайды, шапалақ соғуға, айғайлауға, жоғары оқу орнының ректоры шыққан кезде қаттырақ шапалақ соғуға мәжбүрлейді. Бұл ашып айтқан кезде, жағымпаздықты студенттер арқылы берудің бір жолы ғана.

Енді сөз басындағы тәртіпке оралайық. Ұстаздар тәртіп туралы көп айтып, бірақ соны орындау үдесінен шыға алмайды. Анығында ұстаздар басшылықтың бұйрығын орындауға міндетті болады. Ендеше, ұрпаққа білім берместен бұрын тәртіп орнату үшін, явка мәселесін де шешу керек. Себебі білім ордасында студенттің оқуға арнайтын әрбір минутын алып, бос әурешілікке салуы – қылмыс. Қылмыс деп айтқанымыз ауыр болғанымен, елдің болашағы үшін өсіп келе жатқан ұрпақтың келешегіне алаңдамайтын болсақ, елдің ертеңі туралы қандай сөз қозғауға болады?

Айта беріп жақ талып, жаза беріп қол кеткен болар. Алайда басқасы емес, жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан студент емес, болашақ маман иесінің әрбір минуты үшін жауап беруіміз керек.