ДАМУ
Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза туралы естеліктер өте көп. Бірқатар газеттің дамуына үлкен үлес қосқан журналист туралы естеліктер де жетерлік.
Bugin.kz порталы Бауыржан Омарұлының «Төртінше билік» кітабынан үзінді ұсынады.
Кітапта жас Шерханның әйгілі әншіден сұхбат алуы туралы жазылған.
«Жас Шерхан о бастан ақпаратты тез алатын әбжілдігімен көзге түскен. Алпысыншы жылдары «Социалистік Қазақстанда» жүрген кезінде Алматыға Перудің әйгілі әншісі Има Сумак келеді.
Өр мінезді өнер иесі әдепкіде құстарға еліктеп ән шырқауды үйренген екен. Әлемде сирек кездесетін дауыс дарыған Има Сумак ешкімге сұхбат бермейтін көрінеді.
Бірақ сол жылы оның өзінен он жас кіші журналиске жүрегі жылыпты. «Сіз біздің кечуа - үндістерге ұқсайды екенсіз», - депті мейірленіп.
Жазушы өзінің «Бір кем дүниесінде» оның арғы тағдыры не болды екен деп толғанады: «Кім біледі, «Күнге табыну» әнін айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жіберіп, шырқау биікке самғап ұшқандай көрінуші еді, Күн көзіне қарай ұшып кетті ме...».
Шерхан ағаның іздеген кейіпкері «Бір кем дүние» жарыққа шыққан 2008 жылы Лос-Анджелесте 86 жасында қайтыс болыпты. Денесі Голливудта жер қойнына тапсырылған» делінген естелік жазбада.
Има Сумак - 1922 жылы Перуда дүниеге келген. Өткен ғасырда өнерімен Американы да тәнті еткен тұлғаның дауысы 5 октаваны құраған. Шын есімі -Соила Аугуста Императрис Чаварри дель Кастильо.