ДЕНСАУЛЫҚ
Абай облысындағы орман өрті үлкен апаттардың біріне жатады. Көбіне табиғи апат кезінде қалай қорғануды білмегендіктен адамдар қаза тауып жатады.
Осыған орай Bugin.kz порталы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеген кеңестерді ұсынады.
Өкпенің созылмалы ауруы, демікпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар азаматтар, егде жастағы адамдар, балалар, спортпен өте белсенді шұғылданатындардың денсаулығына орман өрті түтінінің әсер ету қаупі өте жоғары.
Түтіннен зардап шегетін өңірлердің тұрғындарына келесі шаралар ұсынылады:
Түтін басқан далада серуендемеу, әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға көшеге мүлдем шықпау;
Денсаулығына байланысты проблемалары бар адамдар қажетті дәрі-дәрмектерді өзімен алып жүру;
Үй мен есіктерді жабық ұстау;
Терезелерге, желдеткіштерге ылғалданған шүберек іліп қою, оны ауыстырып отыру;
Үй-жайларда ауаны ылғалдандыру, ауаның ластануын арттыратын әрекеттерден аулақ болу;
Көлік құралдары ешқашан гараж сияқты жабық кеңістікте жұмыс істемеу;
Ересектер үшін сұйықтықты тұтынуды тәулігіне 2-3 литрге дейін арттыру (минералды су, итмұрынның, көкжидектің қайнатпалары, көк шай), жас балаларға қайнаған су беру;
Бастың ауруы, көмірқышқыл газымен уланудың алғашқы белгілері пайда болғанда дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Еске салайық, кеше Абай облысындағы өрттен қаза тапқан тұлғалардың тізімі шыққан еді.