Weekend
Әншінің жазасы жеңілдеуі мүмкін
Алаяқтық бабы бойынша 6 жылға сотталған әншіге қатысты апелляциялық сот отырысында прокурор осындай жаза сұрады. Алайда сот залында ағынан ақтарылған өнер адамы ешкімнің ала жібін аттамағанын, тіпті сотқа сүйреген 3 жыл ішінде шығармашылық тоқырауға түскенін айтады.
"Бұл ақшаны маған табу қиын емес. Екі концерт бола ма, үш концерт бола ма, концертті жасап, сол ақшаны құятын едім, егер кінәлі болсам. Сол үшін 3 жылдан бері шығармашылығым тоқырап, менің де денсаулығыма нұқсан келді. Ақшаны алған жоқпын. Ұлы екеуі келісіп алып солай жала жауып отыр маған", - дейді Гауһар Әлімбекова.
Еске салайық, алаяқтық жасады деп айыпталған әнші қаңтар айында сотталған еді. Жәбірленуші Бақыт Назарованың айтуынша, бірнеше жыл бұрын жақын құрбысы болған эстрада өкілі тұрғын үй кешенінен баспана алып беремін деп, одан 40 мың доллар алыпты. Алты жылдан бері үй тұрмақ ақшасын қайтара алмаған ол соңында сотқа жүгінеді. Ал бүгін Алматыда үкім күшіне енгенше қолхатпен бостандыққа шыққан Гауһардың апелляциялық шағымы қаралды.
Сотталушының адвокаттары Әлімбекованың өзі де алданғанын алға тартып, оны ақтауды сұрап отыр. Келесі сот отырысы сәуірдің 2-сінде өтеді. Бірақ қалтамнан санап берген қаржыны қайтармайынша алған бетімнен қайтпаймын деген Назарова әділдік іздеп жүргенін айтады.
"Менің берген ақшамның кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ. Сондықтан Әлімбекова өзінің 38 мың долларын менің 40 мың долларыммен орнынан түсіріп алды да, толық алаяқтық жасады деген уәж айтып отырмыз", - дейді арызданушы Бақыт Назарова.