ТӘРБИЕ
Қазақ халқы үшін қыз ұзату тойының орны ерекше. Қызды туған жері бар салт-жоралғыларды сақтап, мүмкіндігінше үлкен той жасап берсе, қыздың барған жерде сыйы артады деп сенеді. Кетіп бара жатқан қыздың болашағы үшін, екі жастың тез аяққа тұрып кетуі үшін жігіт жақпен теңдей күш салады. Қазақтың әр тойы секілді ұзатуда да сақталуға тиіс әдет-ғұрыптар аз емес.
Қыз танысу. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанардан алдын туған-туыстарын аралап шығады. Мұны дәстүр бойынша “қыз танысу” дейді. Қыздың барған туысының үйі оған, жақсы тілектер тілеп, жасауына қосатын бағалы киім, дүние мүлік беріп аттандырады.
Сүт ақы мен жігіт-түйе. Құда түсуге келгендер жасауы керек ерекше ырым-кәде - ”сүт ақы” және “жігіт - түйе”. Қыздың анасына түн ұйқысын төрт бөліп өнегесін бергені үшін сүт ақы, ал әкесіне жігіт-түйе беріледі. Әдетте сүт ақыға қаржылай сыйлық, жігіт-түйеге қымбат киім, түйе, жылқы, ат әбзелі т.б. беріледі.
Жасау - жігіт жақтан алып келген қалыңмал мөлшеріне шамалас етіп, қыздың артынан берілетін мал-мүлік.Жасау беру дәстүрі жаңадан отау құрған жастар, әсіресе, тұрмыс құрған қыз барған жерінде қиналмасын, ешкімге күні қарамасын деген мақсаттан пайда болған. Сондықтан жасау мүлкіне үй болу үшін ең қажет заттар кірген. Халқымыз қалыңдықтың жасауына ерекше көңіл бөліп, “жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді” деген. Әдетте қыздың ата-анасы ғана емес, барлық туысқандары қолдан келгенше жасау жинауға көмек қолын созады.
Сыңсу - қалыңдықтың ұзатылар кезіндегі ел-жұрт, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып- өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады. Жаңа әулетке бара жатқан қыз сыңсуды айту арқылы өзінің мұңын шағып, қыздың қонақ екеніне назын білдіреді. Әдетте бұл тұрмыстық жырда әйелдердің азаттық аңсаған бейнесі де көрініс табады.
Қыз алар - қалыңдықты алып кетуге келген жігітке қыздың тойында бір табақ етті алдына қойған. Ал су жаңа күйеу бала табақ әкелген жеңгеге ақы беру керек. Осы табақ ет “қыз алар” деп аталады. Бұл қазіргі күнде ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлердің бірі.
Шарғы - бұл дәстүрге сай, ұзатылған қыз өзінен кейінгі сіңлісіне бас орамалын береді. Бұл “кезек сенікі, бақытыңды тап” дегенді білдіреді. “Шарғы” салынған қызға женгелері, замандастары бас қосып келіп, жақсы тілек білдіріп шай ішеді. Жақсы тілектер айтылып, қызды он рет сол жағымен айналдырып, одан кейін он рет оң жағымен айналдырып, шәй ішіп құттықтасады.
Бүгінде бұл дәстүр жаңғыруда. Ескі дәстүрді сақтап ұзатылып бара жатқан қыздар құрбылары мен сіңлілеріне үкі немесе ормал сыйлауды әдетке айналдырып келе жатыр.