Bugin

"Хадис жаттамаған": Шымкентте балаларды аяусыз ұрған молда жұмыстан қуылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласындағы мешітте ұстаз жеті және тоғыз жастағы екі балаға күш қолданған. Жантүршігерлік видео әлеуметтік желіде лезде тарады. Видеода балаларды медреседе хадистерді жаттамағаны үшін ұрғандығы айтылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиғаның анық-қанығын айтты.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, діни тәлімгер жеке басының мәселесіне байланысты ашуға бой беріп, балаларға қол көтерген. Кәмелетке толмағандардың ата-анасы балаларын мешіт қызметкеріне оқуға берген. Ол бос уақытында үйінде балаларды оқытқан. Мешіт қызметкері этиканы бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған.

"Оқиға Шымкентте болды. Сарыағаш ауданының тұрғындары өз сыныптасы - мешіт тәлімгерінен ұлдарына дін сабағын беруін өтінген. Өкінішке қарай, Таспау Сәлімбай мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров күнделікті басқа да мәселелерге ашуланып, кәмелетке толмағандарға қол көтерген. Оқиға медреседе болмаған. "Құранды дұрыс оқымағаны үшін балаларды соққыға жыққан" деген пікір шындыққа жанаспайды. Қорытынды жасауға асықпауларыңызды сұраймыз", - деді ҚМДБ өкілі.

Видеоға Шымкент Полиция департаментінің қызметкерлері де жауап берді. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады.

"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша Тұран аудандық полиция бөліміне тіркелді", - деді Шымкент ПД өкілдері.