Bugin

Біртанов: «Қазақстан соты президент талап еткендей «бидайды саманнан» ажырата алады деп сенемін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жандос Жотабаевтың азаптаудан қаза табуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Семейде 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде уақытша ұстау изоляторында азаптаудан қаза тапқан Жандос Жотабаевтың соты аяқталып жатыр. Бұл іс бойынша уақытша ұстау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубековаға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі – «Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер  абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер» бойынша айып тағылуда. 

Біртанов медицина қызметкерінің не үшін сотталып жатқанын түсінбейтінін жеткізді. 

«Қандай абсурд! Түрмеде адамды азаптап өлтірді, ал медицина қызметкері сотта! Яғни, ер адамды қинағандар емес, оны құтқара алмаған фельдшер кінәлі! Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті медициналық қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берудің салдары осындай болса керек. Қазақстан соты президент талап еткендей «бидайды саманнан» ажырата алады деп сенемін», - деді ол. 

Еске сала кетейік, Жандос Жотабаев қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болды. 6 қаңтарда митингке қатысқаны үшін ұсталып, орталық полиция бөлімінде екі күн болып, кейін уақытша ұстау изоляторына ауыстырылды. 17 қаңтарда ҰҚК қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлады. Ағасы Ердос Жотабаевтың айтуынша, тексеру кезінде мәйіттің денесі кезінде көкшіл болған. Оның 11 қабырғасы сынған, сонымен қатар плеврит болған деген қорытынды жасалған.