ДАМУ

Тарихтағы ең ірі орман өрті қай елдерде болды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Абай облысын шарпыған өрт әлі тоқтар емес. Кейінгі деректерге сәйкес, 60 мың гектарға жуық жерді тілсіз жау басып өткен. 14 адам қаза тауып, эвакуацияланған ауылдар да бар.

Ал Bugin.kz журналисі тарихтағы ең ірі орман өртін және одан болған зардаптарды тізіп шықты.

1997 жылы тамызда Индонезияда, атап айтқанда Суматра мен Калимантан аралдарында орман өрті өршіді. Бұл оңтүстік-шығыс Азияда егіншіліктің дамуынан еді. Тілсіз жау 2 миллион гектардан астам аумақты қамтыды, қыркүйек айының соңына қарай өрт «ұлттық апат» деп жарияланды. Одан шыққан түтін Индонезияны, сондай-ақ Малайзияны, Сингапурды, Брунейді, ішінара Тайландты, Филиппинді тіпті Вьетнамды қамтыды.

Апат аймағында 70 миллионнан астам адам болған. Өкпе және тыныс алудың бұзылуынан, демікпе мен тұншығудан 240-қа жуық индонезиялық қайтыс болды, ондаған мың адам түтіннен зардап шекті. Түтін салдарынан әуе, теңіз және өзен көліктеріндегі апат кем дегенде 300 адамның өліміне әкелді. Өрт Тынық мұхитының тропикалық аймағындағы су температурасының циклдік жоғарылауы Эль-Ниньо табиғи құбылысының әсерінен туындаған қалыптан тыс құрғақшылықты күшейтті.

2007 жылдың маусымында Грецияның бірқатар ауданында термометр 40 градус Цельсийге жеткен қатты ыстық кезінде өрт шығып, 270 мың гектардан астам орман алқабын күлге айналдырды. Ең қауіпті жағдай 23-27 тамыз аралығында болды, өртті ауыздықтау бақылаудан шығып, жалын Олимп тауы аймағындағы барлық ормандарды жойып жіберуге шақ қалған. Табиғи апаттан 84 адам қаза тапты.

2009 жылдың ақпанында Австралияның Виктория штатында 450 мың гектарға жуық орманды жойып, 173 адамның өмірін қиған рекордтық орман өрті болды. Табиғи апат қатты құрғақшылық пен қалыптан тыс жылу әсерінен пайда болған. Термометр бағаны 45 градус Цельсийге дейін жеткен. Өрттің бір бөлігі электр желілеріндегі апараттан шықты деген болжам бар. 2009 жылы 7 ақпанда өрт Мэрисвилл қаласын толығымен қиратты. Адам шығыны да жоқ емес, 45 азамат қайтыс болды. 4-6 наурызда жаңбыр жауған соң жалын сөнген.

2010 жылғы 2 желтоқсанда Израильдің Кармел тауының маңында (Хайфа округі) қатты құрғақшылықтан орман өрті басталды. 250 коттедж жойылды, тау баурайындағы қорық аймағында 5 мың гектар жер өртеніп, 5 миллионға жуық ағашты күлге айналдырды. 44 адам қаза тапты, оның 39-ы Израиль түрмелері Әкімшілігінің курсанты, олар от тұзағында қалған автобуста болған еді. Өртті сөндіруге өзге елдерден 40-тан астам әуе кемесі тартылды.

2010 жылғы шілде-тамыз айларында Ресейдің бүкіл еуропалық бөлігінде отырықшы антициклонға байланысты метеобақылаудың 130 жылдан астам тарихында рекордтық ыстық болды. Ресей Федерациясының барлық дерлік аймағында ауа температурасы 40 градусқа жақындады, ал кейбір өңірде бұл көрсеткіштен асып түсті. Орман өрті жанданды. 34 мың 800 өрт ошағы тіркеліп, олардың жалпы ауданы шамамен 2 млн гектарға жетті. ТЖМ мәліметтері бойынша, 17 аймақта 60-тан астам адам мерт болған және уланған, 2500 отбасы баспанасыз қалды.

2017 жылдың 17 маусымында Португалия астанасы Лиссабонның солтүстік-шығысындағы Педроган-Гранде елді мекенінің маңында үлкен орман өрті болды. Нәтижесінде 66 адам қаза тауып, 200-ден астамы зардап шекті. Өкініштісі, мерт болғандардың көбі эвакуациялау кезінде өрт тұзағына түсіп қалған жандар.

2017 жылдың 13-18 қазанында Португалияның солтүстігінде және Испанияның солтүстік-батыс бөлігінде 49 адам орман өртінің құрбаны болды (Португалияда 45, Испанияның автономиялық аймақтарында төрт адам қайтыс болды), тағы 91 адам зардап шекті. Испания үкіметінің төрағасы Мариано Рахой өрттің себебі қасақана өртеу болғанын айтты. Өрт жағдайына байланысты Португалияның Ішкі істер министрі Констанца Урбану де Соуза отставкаға кетті. Ел билігі табиғи апат аймақтарына көмек көрсету үшін шамамен 400 миллион еуро бөлді.

2017 жылдың 8-28 қазанында Калифорния штатының (АҚШ) бірқатар округтеріндегі орман өрті Санта-Роза қаласындағы Кофи Парк аймағын, сондай-ақ бірнеше елді мекенді толығымен жойды. Напа және Сонома округінде 44 адам қайтыс болып, 100 мыңға жуық адам эвакуацияланды, өрт 8-9 мың ғимаратты қиратып, зақымдаған. Өрт 99 мың гектарды шарпыды.

2019-2020 жылғы Австралиядағы орман өрті негізінен елдің оңтүстік-шығысында тамыз айынан басталған. Австралияда жазғы уақытта желтоқсаннан наурызға дейін созылатын жыл сайынғы құрғақшылық маусымы кезінде өрттің ауқымы орташа көрсекіштен едәуір асып түседі.

Нәтижесінд 200-ге жуық тұрғын үй өртеніп, мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Мамандардың айтуынша, өрт 20 миллион гектардан астам аумақты шарпыған. 18 млн гектар орман өртеніп, 2500-ден аса ғимараттың күлі көкке ұшқан. 34 адам қаза тапты.