Bugin
Бүгін Астанада белгісіз ер адам Kaspi банк бөлімшесінде адамдарды кепілге алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Кей мәліметтерге сүйенсек, ол тұтқында 7 қыз бен 1 күзетшіні ұстап отырған. Полиция ер адаммен келіссөз жүргізуге тырысты. Ал банк орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғындары эвакуацияланды.
Сондай-ақ оқиға орнына арнайы жасақ шақырылды. Бұл туралы Polisia.kz арнайы ресми мәлімдеме жасады.
«Достық көшесіндегі Каспий банкінің ғимаратында ер адам мекемеге келушілермен бірге ішінен есікті құлыптап алған туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қарулы. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, ер адаммен келіссөз жүргізуде. Тәртіп сақшылары елорда тұрғындарынан сабыр сақтауды сұрайды», - делінген хабарламада.
Аздаған уақыттардан кейін қылмыскердің кім екені анықталды. Бұл әрекетке барған азаматтың жас шамасы 30-да.
Журналист Михаил Козочковтың мәліметіне сүйенсек, қылмыскер 1993 жылы туылған, 2013 жылдан бері наркологиялық есепте тұрған көрінеді. Сондай-ақ екі рет түрлі қылмыстық іс бойынша күдікті болған.
Сондай-ақ, қылмыскер арнайы талап қойған. Ол Kaspi банктегі барлық активті аз қамтылған отбасылар мен мүгедек балалар қорына аударуды талап етті. Бұдан бөлек талабының орындалуына 3 сағат уақыт берген. Орындалмаса кепілдіктегі адамдарды өлтіремін деп қорқытқан көрінеді.
Қылмыскер бір қыздың шекесіне қару тақап, полицейлердің брондалған жилетін киіп алған көрінеді.
ІІМ мәліметінше, барлық кепілдікке алынған азамат босатылды.
«Олар полиция штурмынан кейін босатылды. Барлық қызметкер шығарылды. Кепілген алған қылмыскер ұсталды. Медицина қызметкерлері барлығын тексеріп шықты. Ұсталған қылмыскер де, кепілдікке алынған азаматтар да зардап шекпеген. Қылмыскермен келіссөзді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жүргізді. Сонымен қатар ол осы операцияны басқарды», - делінген ресми мәлімдемеде.
Ішкі істер министрлігі операцияның сәтті өткенін айтты. Барлық кепілге алынғандар полицияның шабуылынан кейін босатылды.
«Барлық қызметкерлер шығарылды. Басқыншы залалсыздандырылды! Кепілге алынғандардың барлығы дәрігерлерге қаралды. Кепілге алынғандар мен басқыншылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ» - деді Ішкі істер министрлігі.