Өнім
Астанадағы банкте қызметкерлерді кепілге алған қарулы ер адамға қандай жаза берілетіні белгілі болды. Бұл туралы Bugin.kz порталы polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін 18 маусымда сағат 13:51-де Достық көшесінің бойындағы "Каспий Банк" филиалына кірген белгісіз тұлға, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып 7 адамды кепілге алғаны хабарланған.
Келіссөз жүргізгеннен кейін сағат 16:35-те арнайы жасақ қызметкерлері ғимаратқа шабуыл жасады. Жоспарланған операцияның нәтижесінде 30 жастағы ер адам ұсталып, кепілге алынғандардың барлығы босатылды. Кепілге алынғандар мен кепілге алушы зардап шеккен жоқ.
"Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 261 бабы 2 бөлігі "Адамды кепілге алу" бойынша тіркелді. Бұл бапта мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған" делінген хабарламада.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.