Bugin
Қазақстанда бес қаланың полиция басқармасының бастықтары тағайындалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
"ІІМ қалалық полиция басқармаларының бастықтары лауазымына үміткерлерді қарады. Министрдің бұйрығымен Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы лауазымына Сматов Қанат Ералыұлы, Жамбыл облысы ПД Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына Мадимаров Ардақ Тілегенұлы тағайындалды. Бұрын ол аймақтық департаменттің криминалдық полиция басқармасының бастығы болып жұмыс істеген", - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Ресми өкілдің мәліметінше, Орал қалалық полиция басқармасының бастығы болып Абдрахманов Асқар Қоңырұлы бекітілген.
Бұған дейін ол Батыс Қазақстан облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Ал Иманов Болат Сапарғалиұлы Қостанай қалалық полиция басқармасы бастығы лауазымына тағайындалды. Ол бұрын Рудный қаласының полициясын басқарған.
Рудный қаласы ПБ бастығы болып Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген Байзақов Аманжол Мәмбетұлы кірісті.
"Арқалық қалалық полиция басқармасының бастығы болып Баймурзин Орал Тумурзаұлы бекітілді. Ол бұған дейін Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған", - деді Шұғыла Тұрлыбек.