Әлем
Үндістанның солтүстігінде аптап ыстықтан 100-ден аса адам қаза тапты. Бұл туралы британдық The Guardian газеті хабарлады.
Барлық өлім-жітім халқы тығыз орналасқан штаттарда - Уттар-Прадештің солтүстігінде және Бихардың шығысында болғаны атап өтілді.
Үндістандықтардың көпшілігі Уттар-Прадеш штатында қайтыс болды. Ондағы ыстықтан зардап шеккендердің саны 54 адамға жетті. Билік марқұмдардың көпшілігі 60-тан асқан және денсаулығында проблемалары бар тұрғындар екенін анықтады.
Басылымның мәліметінше, жексенбі күні Уттар-Прадеш штатында 43°C ең жоғары температура тіркелді. Бұл климаттық нормадан 5°С жоғары. Ал бір күн бұрын сенбіде Бихарда термометрлер одан да жоғары көтеріліп, 44,7°C белгісіне жетті. Үндістанның осы штаттарында қалыпты ыстық 25% ылғалдылық фонында орын алып, жағдайды ушықтырды. Үндістанның көпшілігінде жылдың ең ыстық уақыты - сәуірден маусымға дейін. Бұл аймақта ауа температурасы елге маусымдық муссон жаңбырлары түскеннен кейін ғана төмендейді.
Ал, жергілікті билік ауа райы өзгергенше жасы 60-тан асқан азаматтар мен түрлі дертке шалдыққан өзге де адамдарды күндізгі уақытта болған кезде үйден шықпауға шақырды.