Bugin
Семей орманы өрт жағдайында 14 адам қайтыс болды және қазіргі таңда 60 мың гектар орман өртке оранды. Осы жағдайға байланысты Президент Қ.К.Тоқаев өзі барып, қара жамылған отбасыларға көңіл айтып, мемлекет тарапынан оларға көмек берілетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, 12 маусым «Жалпы ұлттық аза тұту күні» болып жарияланды.
Жалпы төтенше жағдай — адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығьшдарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мумкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай.
Қазақстан Республикасы аумағында мынадай апаттар болуы мүмкін: жер сілкінісі, сел, қар көшкіні, сырғыма, дауыл, су тасқыны, бұрқасын, өрт.
Осындай табиғи апаттардың бірі бүгінгі таңда өзіміз куә болып отырған «Семей орманы» өрттері.
Жалпы «Семей орманы» мемлекеттік орман қорығының ауданы 654179,8 га. Географиялық тұрғыдан қорық аумағы Ертіс жазығы, Көкпекті-Шар таулары мен Шыңғыстау таулары шегінде орналасқан. Таспалы қарағайлы ормандар Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Бегенев, Бородулиха, Бөкебаев, Долон (жазық ормансыз), Жаңасемей, Канонер, Морозовский, Жаңа Шүлбі, Семей (жазық ормансыз) тармақтарының аумақтары дала зонасына жатады.
Аумағы өсімдік түрлерінің бірегей үйлесімімен сипатталады: дала, орман, шөл, бұталы, шалғынды және батпақты. Ертіс өңірінің ленталы ормандарында жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы 201 тұқымдас пен 61 тұқымдастың 344 түрімен ұсынылған. Флораның негізін ангиоспермділер - 340 түр құрайды, оның ішінде: қос жарнақтылар - 80,59% (274 түр), біржарнақтылар - 19,41% (66 түр).
Қарағай, қайың және көктерек ормандары түзетін ормандардың далалық белдеуінде орналасуы бұл аумақтың бірегей құбылысы болып табылады. Дала зонасында ормандардың болуының су қорғау және эстетикалық маңызы зор. Мұнда ормандар ерекше жағдайларда кең таралған: құмда және жер асты сулары жақын жерде. Мұндай аумақтардың әдеттегі ландшафты - қарағай немесе көктерек-қайың ормандары мен құмды далалардың кезектесуі.
Құстардың ішінде қараторғай, боз кекілік, дала қыраны, дала қаршығасы, су қоймаларында суда жүзетін құстар басым. Жарма тармағының аумағында арқар, сілеусін, қарақұйрық, суыр, қоңыр аю көптеп кездеседі.
Қорық аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген жануарлар – қара ләйлек, аққу, қарақұйрық, бүркіт, аққұйрық, ақбас сұңқар, тырна, қарақұйрық, жылан жегіш, көк қаз, қасық тұмсық, арқар, қызыл құстар бар.
Қорық аймағында 7 отрядқа жататын балықтың 25 түрі бар. Қазақстанның Қызыл кітабына төрт түрі – таймен, нельма, сібір бекіресі және балқаш алабұғасы енгізілген.
Осыншама табиғаты бай Семей орманының өртке орануы өкінішті жағдай. Соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында болған дүлей апаттардың хронологиясын, оның ішінде орман өрттеріне қатысты мәліметтерге шолу жасасақ, бұдан 5 жыл бұрында аталған орманды өрт шалғанын кестеден байқауға болады.
2012 жылы шілдеде Алматыда болған орман өрті салдарынан Медеу шатқалындағы Мохнатка тауындағы 21 гектар орман жойылды. Жергілікті флора мен фаунаны қалпына келтіру үшін кем дегенде 10-15 жыл қажет болады.
2018 жыл 21 мамырда "Семей Орманы" Резерватындағы өрттен 300 гектардан астам орман жойылды. Өрттен келген шығын 78 млн теңгені құрады.
Орман өрті кезінде 1 тонна өсімдік жанған кезде атмосфераға 125 кг көміртегі оксиді, 12 кг көмірсутек, 2 кг азот оксиді және 22 кг көмір шаңы бөлінеді. Түтін шығарындыларына әртүрлі токсиканттар, соның ішінде ауыр металдар мен жасанды радионуклидтер қатысады. Ірі орман өрттерінде радонның апатты эманациясы орын алады, оның өнімдері радий изотоптары (RaA, RaB және RaC) болып табылады. Олардың өмір сүру ұзақтығы-ондаған минут, сондықтан жасанды радионуклидтермен, ауыр металдармен және органикалық қосылыстармен бірге болған кезде орман өрттерін сөндірумен айналысатын адамдарды қорғау құралдарының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажет.
Семей орманында болған өрт салдарынан қаза болған орман шаруашылығының қызметкерлерінің отбасыларына кафедра ұжымы атынан қайғырып көңіл айтамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Картография және геоинформатика
кафедрасының ұжымы