ДЕНСАУЛЫҚ
Галлюцинация - адам санасында түрлі бейнелердің, дыбыстардың пайда болуы. Көбінесе бұл психологиялық аурулардың бір белгісі болып есептеледі.
Сонымен қатар галлюцинация дені сау адамдарда да кездесуі мүмкін. Бірақ жиі емес, тек қатты шаршаған жағдайда болады. Егер түрлі дыбыстар естіп, қорқынышты елестер үнемі көріп жатсаңыз, дәрігерге барғаныңыз жөн.
Галлюцинацияның белгілері
Адамның қоршаған ортасындағы бейнелер мен дыбыстарды қабылдау процесі бұзылған кезде галлюцинация басталады. Осылайша пациент кейбір заттарды басқаша сезінеді немесе есту қабілеті бұрмаланады. Галлюцинация диагнозын психиатр дәрігер ғана қоя алады.
Көбінесе бастапқы уақытта мұндай галлюцинациялар адам ұйықтап жатқанда пайда болады. Сонымен қатар алкогольді немесе есірткіні жиі қолданса, одан әрі күшейе түседі.
Галлюцинация шынайы және жалған деп екіге бөлінеді. Айырмашылық мынада: шынайы галлюцинация кезінде адам олардың шын екеніне сенімді болады. Өмірде олардың жоқ екеніне еш күмән келтірмейді. Науқас мұндай құбылыстарды қоршаған ортасынан жиі көреді. Бұл оның қабылдау жүйесіндегі өзгерістерден пайда болады.
Жалған галлюцинациялар адамның басында пайда болады. Науқас басындағы дауыстарды естиді. Ол өзімен біреу ойша сөйлесіп жүр деп ойлауы мүмкін. Мұндай жағдайлар шизофрениямен ауыратындарда кездеседі.
Бейнелі галлюцинациялар
Бұл кезде заттардың, адамдардың, жан-жануарлардың, т.б. жалған бейнелері адамның санасында пайда болады. Бірақ пациент оларды шынайы түрде қабылдайды. Сонымен қатар адам белгілі бір әрекеттер тізбегін көреді (яғни фильмнің кейбір сюжеттері сияқты). Сол сюжетте өзінің рөлін ойнайды. Әсіресе, алкогольдің не есірткінің артық дозасын қолданған соң немесе құрамы күрделі дәрі-дәрмектерді дұрыс қабылдамағаннан кейін болады. Мұндай көріністер адамды мазасыз күйге түсіреді.
Дыбыс галлюцинациясы
Адам дауыстарды, әртүрлі дыбыстарды естиді. Өзінің атын естіп, біреу шақырып жатқандай көрінеді. Бірдеңе істе деп, тапсырма беріп жатыр деп те ойлайды. Ол естідім деп ойлағанымен, шын өмірде ондай болмайды. Есту галлюцинациясы көбінесе шизофрения сияқты ауыр психикалық дертті жандарда кездеседі.
Иіс галлюцинациясы
Ең аз кездесетін галлюцинацияның түрі болып есептеледі. Адам өмірде жоқ иістерді сезеді. Бұл процесс ми жарақатынан немесе шизофрениядан кейін пайда болады. Жұқпалы аурумен ауырған жандар да осылай түрлі иісті сезгендей болуы мүмкін.
Дәм галлюцинациясы
Науқас ауыз қуысынан түрлі жағымсыз дәмді сезінгендей болады. Соның кесірінен тәбеті қашып, тағамнан бас тартады.