Bugin

"Сіздер барамын дегенше, қыс түседі": Депутаттар энергетика министрін сынады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке жылумен қамтамасыз ету мәселесі бар қалаларды неге аралап жүрмейді деген сауал тастады.

"Президент барады, депутаттар барады, бірақ энергетика министрі не Екібастұзда, не Риддерде, не Теміртауда, не Кентауда, не Арқалықта, тіпті мына Астанадағы үшінші жылу электр орталығында болмаған. Сонда бұл қалай жұмыс істейді? Энергетика саласы кабинетте отырып жасайтын жұмыс емес. Ол аяқпен жүріп, қолмен ұстап көріп барып реттейтін мәселе", - дейді Жаңбыршин.

Бұған жауап ретінде Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістегі телекамералардың алдына түрлі-түсті сызбалары бар құжатты көрсетті.

"Біз сапар кестесін әзірлеп қойдық, барлық нысандарды жергілікті атқарушы органдармен келістірдік. Оның үстіне Роман Васильевич (Скляр, Премьер-Министрдің орынбасары - ред.) те барады. Оқиға қайталанбас үшін осының барлығын үйлестірдік. Біз көп нысандарда жөндеу жұмыстары әлі басталмағандықтан бармадық. Жөндеу жұмыстарының басталуын күтіп отырмыз, динамика... Барлық жөндеу жұмыстарының кестесі бар, бақылауда ұстаудамыз. Бізде карта бар. Сіздерге көрсетейін. Қызыл түс – бұл әр энергетикалық нысан үшін қауіпті аймақ, жасыл, сары – тозу деңгейі, қуаттылық, жаңа нысандардың құрылысы...".

Осы тұста мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та өз сынын айтты.

"Алмасадам Майданұлы, сіздер жиналамын дегенше, қыс түседі. Кесте дайын болса, солай деп айтыңыз. Неге бізге бүкіл кестені көрсетіп жатырсыз? Жалпы сұрақ дұрыс қойылып отыр. Президент жылу электр орталықтарына, қазандықтарға, барлық нысанға өзі барады, жөндеу жұмыстары басталды ма, жоқ па оған қарамайды. Ал сіздер кестені енді ғана әзірлеп бітірдіңіздер", - деді спикер.