Bugin

Ақтауда бөлім басшысы торт сыйлаған балабақша директорларын антикорға ұстап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақтауда білім бөлімінің басшысы торт сыйлаған балабақша директорларын антикорға ұстап берді. Аталмыш іс жайлы қоғамдық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин мәлімдеді.

“Ақтау қаласындағы 26 жеке балабақшаның директоры бірігіп 1000 теңгеден жинап, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысына жалпы сомасы 40 мың теңгеге сауда үйінен сертификат пен торт сыйлаған. Бұл жағдай туралы білім бөлімінің басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өзі хабарлады. Лауазымды тұлғаға сыйлық беруге әрекеттенген 25 балабақша директоры өз іс-әрекеттерін бірден мойындады. Оларға қатысты ҚР ӘҚбК 676-бабына сәйкес әкімшілік хаттама жасақталып, әрқайсысы 345 000 теңге айыппұл төледі”, - делінген ақпаратта. 

Бір балабақша директоры бұл жағдай бойынша өз әрекетін мойындаудан бас тартқан. Сол себепті іс әкімшілік сотта қаралып, ақырында кінәлі деп танылып, ол 483 000 теңге айыппұл төлеген. 

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттiк қызметшiнiң өзiне бағынысты тұлғалардан қандай да бір себептерiне қарамастан сыйлық қабылдауға құқығы жоқ екенін ескертті.