Bugin

Путин "Вагнер" ЖӘК туралы жаңа мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей президенті Владимир Путин Вагнер жеке әскери компаниясы туралы жаңа мәлімдеме жасады.

Путин қарулы көтеріліс кез келген жағдайда басылатынын айтты. Және ол Пригожинді және басқа көтерілісшілерді сатқындық жасады деп айыптады.

"Көтерілісті ұйымдастырушылар еліне, халқына опасыздық жасады. Жаулар қоғамымыздың екіге бөлінуін қалады", - деді Ресей басшысы.

Владимир Путин сондай-ақ көтерілісшілердің жолына түскендердің барлығына алғыс айтып, Беларусь президенті Александр Лукашенкоға Вагнер ЖӘК-ке қатысты жағдайды реттеуге қосқан үлесі үшін ерекше алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Ресей президенті "Вагнер ЖӘК" жауынгерлеріне Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруды, үйлеріне қайтуды немесе Беларуське баруды ұсынды.

Еске салайық, 23 маусымнан 24 маусымға қараған түні "Вагнер" ЖӘК басшысы Евгений Пригожин "Әділет маршын" бастап, Мәскеуге әскери колонна жіберген болатын. Владимир Путин жалдамалылардың әрекетін "арқасынан пышақ сұғу" деп атаған үндеу жариялап, ҚҚФ қарулы көтеріліске қатысты қылмыстық іс қозғады.

Кейіннен Беларусь президентінің баспасөз қызметі Александр Лукашенко мен ЖӘК  басшысы арасындағы "күні бойына созылған" сәтті келіссөздер туралы хабарлады.

Кейін Кремль Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылатынын, оның Беларуське кететінін хабарлады. Ал билік көтеріліске қатысқан "вагнершілерді" қудаламайтынын айтқан еді.