Bugin
Қарағанды тұрғыны Гүлден Молдабекова дұрыс көмек көрсетпей, өз істеріне салғырт қарағаны үшін Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана дәрігерлерінің жауапқа тартылуын талап етуде. Әйелдің айтуынша, 21 маусымда күйеуі Айдос Молдабеков түнде ауырып, жедел жәрдем шақырып, жұбайы ауруханаға түскен. Бірақ керек көмек дер кезінде дұрыс көрсетілмегендіктен Айдос көз жұмған.
Әділдік іздеген Гүлден Instagram желісіндегі парақшасында Оңтүстік-Шығыс полиция басқармасына, прокуратураға, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне арыз жазып қойғанын жеткізді. Айтуынша 21 маусым күні таңғы сағат 02:33-те жұбайының қолы мен аяғының ұйып, жүрегінің соғуы тұрақсызданған. Жедел-жәрдеммен аруханаға барған кезде Айдосқа ұзақ уақыт диагноз қойылмаған. Гүлденнің айтуынша, алғашқы көмек те көрсетілмеген.
"09:00-де диагнозын дәрігерлерден алатынымды айтып сағат 04:50-де мені үйге жіберді. Мен сағат 8.00-де күйеуімнен келген "Гүлден, олар маған қарамайды, мен өзімді өте жаман сезініп жатырмын. Осы уақытқа дейін ешкім келген жоқ, көмектесші" аудио жазбасын оқыдым." Мен 4:50-де кеткенімде ол өздігін сөйлей алатындай деңгейде болатын. Тез арада көмек болар деген үмітпен медициналық мекемеге қалдырдым. Сағат 08.50-де келсем ол тіпті сөйлей алмайтын деңгейде тек көзін ғана қимылдатып жатыр екен. Оны дереу жансақтау бөліміне алып кетті. Екі сағаттан кейін маған өлім туралы хабарлады”, – деді Гүлден.
Қарағандылық әйел Денсаулық сақтау министрлігінен шара қолдануын талап етті.
“Мен келгенше неге шара қолданбады? Кінәлілер жауапқа тартылсын! Салғырттық көзқарасы үшін, дәрігерлердің біліксіздігі үшін жауапқа тартылсын. 5 жасар ұл, 1,4 айлық қызым секілді өзге балаларымыз тағы да ата-анасыз қалмауы үшін, басқа адамдар осындай жағдайға тап болмас үшін әділдікті талап етемін", - деп қосты ол.
Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана әкімшілігі аталған науқастың кезекші невропатолог дер кезінде тексергенін, қажетті зерттеу жүргізіліп (КТ-ми, ЭКГ, қышқыл-негіз балансы, қан анализі) реаниматолог, терапевт, оториноларинголог кеңес бергенін кейіннен, инсульт бөлімшесіне жатқызылғанын алға тартты.
"Науқастың өлімі фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде. Аурухана басшылығы науқастың туыстарына көңіл айтады. Егер кінәсі дәлелденсе, жауапты медицина қызметкерлері жазаланады", - деді ведомство.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова қазірдің өзінде барлық қажетті тексерулер жүргізіліп жатқанын, марқұмның ауру тарихы сұралғанын жеткізді.