Bugin
Өскемен мен Ресей арасындағы жолды жөндеу жұмыстары басталды.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың Шемонаиха ауданына жасаған жұмыс сапары барысында айтылды.
Әуелі әкім Первомайский кентіндегі май зауытында жаңадан іске қосылған экстракция цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорын өнімі еліміздің ішкі нарығы мен Өзбекстанға экспортталады. Қытайда да бұл өнімге қызығушылық өте жоғары.
"ШҚО өндірушілері ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, ҚХР-ға май жеткізу жобасын әзірлейтін болады. Экспортқа шығару мүмкіндіктерін барынша кеңейту керек", - дейді Ермек Көшербаев.
Қазіргі уақытта "Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы" республикалық тасжолында жөндеу жұмыстары қолға алынған.
"Бұл жолдың жағдайы шынымен мәз емес, «Қазавтожол» мекемесінің мамандары жөндеу жұмыстарын бастады. Сондай-ақ Үбе өзені арқылы көпір салу мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Бұл нысанның транзиттік аймақ үшін маңызы жоғары. Әзірге ол талқылау сатысында. Мамандармен бірге қолданыстағы өткелді күрделі жөндеу туралы шешім қабылданды", - дейді аймақ басшысы.