Bugin
Шымкентте жасөспірім зейнеткерлерді 7 млн теңгеге алдап кеткен.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Еңбекші аудандық ПБ-ға егде жастағы тұрғын алаяқтық туралы арызбен жүгінген. Әйелдің айтуынша, оған белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. Күдікті егер зейнеткер белгілі бір соманы жақын арада оның мекенжайына баратын адамнан беріп жіберсе, кінәлі адам жазадан құтыла алады деп сендірген. Қоңырау шалушы телефонды сыбайлас қызға тапсырып, ол дірілдеген дауыспен анасынан көмек сұрағандай кейіп танытқанда, әйелдің күмәні толығымен сейілген. Артынша қала тұрғыны алаяқтарға өзінің барлық жинаған 4,5 млн теңге көлеміндегі ақшасын берген.
Сол күні полицияға телефон алаяқтарының тағы бір құрбаны осындай шағым түсірді. Сүйікті немересіне көмектесу үшін 79 жастағы зейнеткер 2,5 млн теңге берген. Тергеушілер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша СДТБТ-ге тіркеді.
Іздеу шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушілердің үйіне қолма-қол ақша алу үшін келген жігітті анықтап, ұстады. Ол Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны болып шықты. Өз жауабында жас жігіттің мобильді мессенджер арқылы алған нұсқауларына сәйкес әрекет еткендігін айтты. Оның міндеті – айтылған мекенжайлардан ақша алу және оны белгілі бір банктік шоттарға аудару. Бұл үшін ол 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақы алып отырған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның аясында қылмысқа қатысы бар басқа да адамдар анықталады.