Bugin
Ақтөбе қаласының орталығында орналасқан дәмхана маңындағы төбелестен бір адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Қазіргі кезде күдікті ұсталып, қамауда отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
3 шілде күні сағат 6:35-те Ақтөбе қаласы ПБ жедел басқару орталығына Әбілқайыр хан даңғылындағы №89 үйдің жанында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түседі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов оқиға туралы:
«Полиция жасағы пышақ жарақатын алған ер адамды тапты. Жедел жәрдем оны Ақтөбе қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізді. Алайда, жәбірленуші алған дене жарақатынан қайтыс болды. Патрульдік полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен 37 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады.
Еске салсақ, өткен аптада өңірде 173 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 56-сы - жеке мүлікті ұрлау, 29-ы - алаяқтық және 6 бұзақылық дерегі.