Bugin

Дәулет Тұрлыхановтың әскерден қашып кеткен ұлы 15 күнге қамауға алынды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжіліс депутаты, белгілі спортшы Дәулет Тұрлыхановтың әскердегі ұлы әскери бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әскери бөлім бастығының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тарту – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған қатардағы жауынгер Нұрасыл Болатқа қатысты әкімшілік іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Н.Болат Алматы гарнизоны гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруға міндетті болған. Алайда ол оған бөлімше командирінің лейтенант А. берген бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытта кетіп қалған.

«Сот Б.-ны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 15 тәулікке қамауға алынды», - деп хабарлады соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ,  Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені және ұсталғаны жайлы жазып едік.

Сондай-ақ депутат Дәулет Тұрлыханов соңғы кезде ұлына қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты үндеу жариялаған болатын.