Bugin
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляцияның төмендеу үрдісі туралы айтуға әлі ерте екенін айтты.
"Елдегі инфляциялық үдерістерде байқалған және күтілетін оң өзгерістерге қарамастан, инфляция төмендеуінің сенімді тұрақты үрдісі туралы айтуға әлі ерте. Бұл ішкі инфляциялық факторлардың және болашақта баға өсуі үшін ықтимал тәуекелдердің болуына байланысты. Инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде орнығуын, жанар-жағармай мен тұрғын үй коммуналдық қызметтер бағасының артуынан болған жанама әсерлердің іске асуын, фискалдық ынталандырудың күшеюін, мұнай сұранысына әсер ететін жаһандық рецессияның болу мүмкіндігін және геосаяси жағдай белгісіздігінің өсуін негізгі тәуекелдерге жатқызуға болады. Біз бұрын айтылған риторикаға сәйкес әрекет етеміз", - деді Ғалымжан Пірматов.
Төрағаның айтуынша, жоғарыда аталған факторлар мен тәуекелдер ақша-кредит саясатын байқап іске асыруды қажет етеді. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі тұрақты инфляцияны баяулату үдерісін қолдауға, мемлекеттік шығыстардың өсуін теңгеруге және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақтап қалуының алдын алуға мүмкіндік береді.
"Инфляцияның төмендеуі базалық мөлшерлеменің төмендеуіне мүмкіндік туғыза бастағанын көріп отырмыз. Келесі шешім болжамдарды жаңартумен және жаңа деректерді талдаумен қатар қабылданатын болады. Осыған байланысты біз тамыз айында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыратын боламыз. Біздің барлық іс-әрекетіміз келешекте инфляция бойынша белгіленген 5 пайыз мақсатына біртіндеп қол жеткізуге бағытталған", - деді Ұлттық банк төрағасы.